Экс-депутат Ринат Зайыт жаңа қызметке тағайындалды

Экс-депутат Ринат Зайыт жаңа қызметке тағайындалды
Ринат Зайыт. Фото: instagram.com/rinat_zaitov_resmi

Бұрынғы Мәжіліс депутаты, белгілі айтыскер ақын Ринат Зайыт Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы ол Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Ринат Зайыттың айтуынша, жаңа қызметіне 2026 жылдың қазан айының басында кіріскен. Ол Қорғаныс министрінің шақыруымен әскери-патриоттық орталыққа жұмысқа барған. Бұрынғы депутат қызмет ауыстыруына елдің қорғаныс саласында басталған өзгерістердің де әсер еткенін жеткізді.

Ринат Зайыт сұхбат барысында жаңа қызметінің міндеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, Ұлттық әскери-патриоттық орталық Қорғаныс министрлігіне қарасты мекеме саналады. Оның құрамында әскери ансамбль мен оркестр жұмыс істейді. Сондай-ақ орталық әскери қызметшілер мен әскерге шақырылуға дейінгі жастар арасында мәдени және патриоттық іс-шаралар ұйымдастырумен айналысады.

"Қазан айының басында жаңа Қорғаныс министрінің шақыруымен Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық әскери-патриоттық орталыққа келдім. Орталық құрамында әскери ансамбль мен оркестр бар. Сондай-ақ патриоттық және мәдени іс-шараларды ұйымдастырады", – деді Ринат Зайыт.

Ол жаңа қызметінде әскери қызметшілер мен жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған жұмыстарға көңіл бөлетінін айтты.

Бұрынғы депутаттың сөзінше, оның шешім қабылдауына Қазақстан армиясында басталған ауқымды реформалар ықпал еткен. Ринат Зайыт қорғаныс саласындағы өзгерістерге қатысып, өз үлесін қосқысы келетінін жеткізді.

"Соңғы оқиғалардан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс саласында түбегейлі өзгерістер жүргізуді тапсырды. Бұл реформалар басталып та кетті. Мен өзгерістерге қатысқанды ұнататын адаммын. Сондықтан бұл қызметке үлкен қуанышпен келістім. Осы реформаға аз да болса үлес қоссам деген арманмен келдім", – деді ол.

Бұған дейін Ринат Зайыт Мәжіліс депутаты болған кезеңінде де әскердегі тәртіп, сарбаздардың қауіпсіздігі және әскери қызметтің жауапкершілігіне қатысты мәселелерді бірнеше рет көтерген.