КСРО тарағаннан кейін отыз жыл өткен соң Ұлыбританияның Ұлттық архивінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туралы айтылған құжаттар қолжетімді болды. Олардың үзінділерін әзербайжандық тарихшы Джамиль Гасанлы жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
1994 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып тағайындалған кезде Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі ол туралы арнайы анықтама дайындаған.
Құжатта Тоқаевтың білімі, шет тілдерін білуі, Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі жұмыс тәжірибесі атап өтілген.
"Ведомство ол туралы өте қызықты анықтамалар дайындап, жақсы даярланған маман ретінде сипаттаған. Британдықтардың болжамы ақталды. Бүгінде Тоқаев өз халқымен санаспайтын посткеңестік кеңістіктегі жемқор және авторитарлық басшылардан айтарлықтай ерекшеленеді", – деп жазды Гасанлы.
Құжаттарда Тоқаевтың АҚШ, Канада және Өзбекстанға белсенді сапар жасағаны, шетелдік әріптестерімен байланыс орнатқаны және Қытаймен шекарада еркін экономикалық аймақтар құруды ұсынғаны да көрсетілген.
Әзербайжандық тарихшының жазбасына саяси шолушы Ғазиз Әбішев те назар аударды.

Оның айтуынша, жарияланған құжаттың Ұлыбританияның саяси басшылығына арналып дайындалғанын болжауға болады.
"Құжаттағы мекенжайға қарасақ, ол Ұлыбританияның саяси басшылығы үшін әзірленген болуы мүмкін. Өйткені Даунинг-стрит, 10 мекенжайында премьер-министрдің кеңсесі орналасқан.
Жалпы мұндай тәжірибе белсенді дипломатиялық қызметтердің көпшілігіне тән. Ал әлемдік ықпалға ұмтылатын мемлекеттерде, соның ішінде англосаксон елдері, олардың одақтастары мен қарсыластарында ұлттық элиталарды сараптау жүйесі жақсы жолға қойылған", – деп жазды ол.