Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаевты қызметінен босатты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысының өкімімен Мереке Мәтімұлы Көшекбаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымынан босатылды.
Мереке Көшекбаев бұл қызметке 2024 жылғы 26 қарашада тағайындалған еді.
Мереке Көшекбаев кім?
Мереке Көшекбаев 1976 жылы Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында дүниеге келген.
1997 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 2007 жылы Ұлттық қорғаныс университетін тәмамдаған. 2019 жылы Ресей Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын бітірген.
Әскери қызметін курсанттан бастап, түрлі командалық лауазымдарда жалғастырды. Бірнеше әскери бөлімді басқарды, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметін атқарды.
2023 жылы Бас штаб бастығы – Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Кейін Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы қызметіне кірісті.
Генерал-майор Мереке Көшекбаев II дәрежелі «Даңқ» және II дәрежелі «Айбын» ордендерімен, сондай-ақ ведомстволық және мерейтойлық медальдармен марапатталған.