Тоқаев Қазақстанда бірпалаталы парламентке көшуді ұсынды

Көркем Алдабергенова 08 қыр. 2025 12:49

Мемлекет басшысы бірпалаталы парламентті партия тізімімен сайлауды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын", - дейді президент.

Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз дейді президент. 

"Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. 

Бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады. Депутаттарымыз нағыз мемлекетшіл азамат ретінде бұл мәселеге зор жауапкершілікпен әрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Түптеп келгенде, саяси реформалардың бәрі еліміздің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады", - дейді мемлекет басшысы. 

Әрине, заңды сұрақ туындауы мүмкін: Президент Парламенттік реформа жасау қажеттігі туралы неге соншалықты ерте жариялап жатыр, әйтпесе, саяси технологияның қағидасына сәйкес мұндай шаралар тосыннан, күтпеген жерден жасалады емес пе?

"Бірақ мен осыған дейін де айттым, тағы да қайталап айтамын: мен еліміздің және халқымыздың тағдырына қатысты қандай да бір мәселеге келгенде тек қана ашық саясат жүргізу керек деп санаймын, мұндай ауқымды реформаны қоғамнан құпия ұстауға болмайды деп есептеймін. Осындай тағдырлы мәселелер бойынша халықпен ашық сұхбат жүргізу қажет деп сенемін. Сонда ғана бәріміз бір ел болып, Әділетті және Қуатты Қазақстанды құру жолында тағы бір маңызды қадам жасаймыз", - дейді президент. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар