Бұл туралы Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының ашылу салтанатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Еліміздің әр түпкірінен келген жастар астана төрінде, Нұр-Сұлтан қаласында бас қосты. Сіздермен Тәуелсіздік күні қарсаңызда кездесіп отырмыз. Біз үшін бұдан асқан қастерлі мереке жоқ. Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Егемендігімізді нығайтып, Қазақстанды одан әрі өркендету бүгінгі толқынның борышы.
Аға толқын сіздерге зор үміт артамыз. Еліміздің болашағы – өздеріңіз. Осы жүздесуде бірқатар жас азаматтар қоғамдағы өзекті тақырыптар бойынша жақсы сөз сөйледі. Ойлы пікірлер айтты. Мен барша жастарды мақтан тұтамын», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті биылғы жылдың мән-маңызы ерекше болғанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен барша ел болып, жастар жылын өткізгенімізді айтты.
«Бәріміз білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Жалпы, еліміздегі бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағы үшін қолға алынды. Жастарымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау – менің Президент ретіндегі басты міндеттерімнің бірі.
Сондықтан осы мәселе әрдайым менің назарымда болады. Бүгінгі жастар – елімізді ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек Президент жастарға арналған бағдарламалардың көпшілігі шашыраңқы екенін, мұндай жобалар жастарға ұғынықты, қарапайым жолмен жасалуы керек деген пікір білдірді.
"Жастарға арналған "Жасыл ел", "Дипломмен ауылға", "Жастар тәжірибесі", "Серпін" секілді бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Олар өз тиімділігін көрсетті де. Алайда көптеген жастар осы жобалардың құрылымын жете білмейді. Оларды бір-бірінен айыра алмай жатады.
2020 жылға дейін осы бағытта біртұтас бағдарлама әзірлеуді тапсырамын", – деді Тоқаев.
Президент сонымен қатар мемлекеттің өз ойын ашық айтатын жастарға кедергі келтірмейтінін атап өтті.
"Билік әркез жастардың пікіріне құлақ асады. Қазақстан жастарының қоғамдағы мәселелер бойынша өз пікірі, өз көзқарасы бар. Олардың өз ойын ашық айтуына ешқашан кедергі келтірмейміз".