Тоқаев Олжас Бектеновтың қолымен Үкіметтегі "мүдделер қақтығысын" жоймақ - DALA INSIDE

Жарас Кемелжан 06 ақп. 2024 12:10 9486

Экс-премьер, қазақтың Әлиханы "ескі Қазақстан" заманында көтерілгендіктен, Үкімет басқарған уақытта мидай араласып кеткен "олигархтар-Назарбаев кланы-Жақсыбеков/Шөкеев" түйінін шеше алмады деп жазады DALA INSIDE телеграм арнасы

Себебі, бірдеңеге тыйым салайын десе, өзгертейін десе, міндетті түрде өзі танитын, кезінде жақсы сыйласқан, дастархандас тұлғалар алдынан шығып жүрді. Осы жәйт қатаң реформа жасауға мүмкіндік бермеді. Олай болған жағдайда қазақтың Әлиханы барлық достарынан айрылатын еді.

Ал Олжас Бектенов жаңа адам. Ол "аға-көкелерді" танымайды. Антикор уақытынан көбісінің схемаларын жақсы біледі. Әсіресе экс-шенеуіктердің шетелде тыққан активтері бойынша компроматы көп. Сондықтан ол кез-келген реформаны ешкімнің көңіліне қарамай жасай алады.

"Олжас Бектеновті екі сценарий күтіп тұр. Біріншісі: ол қазір бәрін "дырылдатып", истиблишментке, олигархтарға жек көрінішті болып, бірақ Қазақстанды дамытып, халықтың қолдауын алады. Содан кейін 2029 жылы Президент сайлауына барады.

Екіншісі: ол реформалар бастамай, өтпелі уақыттың құрбаны болып, 2024-2026 жылдардағы экономикалық дағдарысқа кінәлі адам деп танылады. Артынан келмеске кетеді", - дейді, Amanat партиясының басқарушы органында қызмет ететін DALA INSIDE дереккөзі.

"Жаңа Қазақстан" Бектеновты бірінші сценарийге дайындап жатыр. Демек, елдегі саяси демде экономикалық шешімдердің салмағы күрт артып, реформаторлар толқыны пайда болуы тиіс. Ал Бектенов жұмысының нақты нәтижесін 2026 жылдары көре аламыз.

DALA INSIDE дереккөзінің ойынша Бектеновтың тағдыры 2026 жылы шешіледі. Сол кезде не ары қарай президенттікке дайындалады, не отставкаға кетіп, қарапайым лауазымда жүреді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар