Тоқаев? Ол Назарбаевтың нақ мұрагері екенін дәлелдеді – сарапшы

Dalanews 29 қар. 2021 09:59 826

"Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында экс-президент партияның тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсырды. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев: «бұдан былай елдегі билік Тоқаевтың төңірегіне топтасады» дейді.

Dalanews.kz сарапшының пікірін оқырман назарына ұсынады.

...

«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында Мәмин үкіметі отставкаға кетеді деп күткен едік. Алайда Асқар мырза жылы орнын сақтап қалды. Үкіметті орнынан қозғау туралы мәселе кейінге шегерілді. Алайда бұл күні бізді басқа бір тосын сый күтіп тұрды. Бұл Мәминнің отставкасына қарағанда әлдеқайда маңызды, саяси салдары бар кадрлық шешім-тұғын.

Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отаннан» кетіп, партия төрағасының міндетін Тоқаевқа тапсыратынын мәлімдеді.
Елбасының осыдан екі жылдан аса уақыт бұрын, 2019 жылдың наурызында президенттік орынтағын босатқаны есте.

Президенттік міндетті Тоқаевқа жүктегенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы, Нұр Отан партиясының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Самұрық Қазына» қорындағы төрағалық функциясын сақтап қалды.

Назарбаев мемлекетті Тоқаевқа толық табыстағандай көрінгенмен, елдегі тұрақтылықты шайқалтпау үшін қауіпсіздік саласы, квазимемлекеттік сектор және билеуші партиядағы орынтағын өзіне қалдырды.

Одан бері екі жарым жыл зырғып өте шықты. Тоқаев Назарбаевтың мұрагері болуға лайықты тұлға екенін дәлелдеді. Өз бетімен шешім қабылдауға қабілетті екенін, мемлекетті дұрыс бағытқа бастай алатынын көрсетті.


Тоқаев билікке келе сала Назарбаевты тықсырған жоқ, керісінше экс-президент пен екінші президент пара-пара, тең дәрежеде билік құратын өзіндік саяси жүйе қалыптасты. Бұл өз кезегінде елдегі ынтымақ пен ырысты сақтауға септесіп, тұрақтылықтың іргесін бекіте түсті.

«Нұр Отанға» дейін Назарбаев Қазақстан халқы Ассемблеясындағы төрағалықты Тоқаевқа өткізіп берді. Осы рәсімде мемлекеттік саясаттың неге негізделуі керектігін нықтап, осы тараптағы 5 ұстанымын ортаға салған.

Бұлар:

Мемлекет пен тұрғындар арасындағы сенім мен әріптестікке құрылған қазақстандық патриотизм. Азаматтық қоғамның белсенділігі. Мемлекеттің тілді елді бір жұдырыққа жұмылдырар қуаты. Түрлі ұлт пен ұлысты біріктірген Қазақстан осы факторды тиімді пайдалану керек және ұлтты ұдайы модернизациялау ұстанымынан таймау.

...

Ендігі кезек партияға келген секілді. Елбасы алысты болжайтын, стратегиялық шешім қабылдады. Ең алдымен «Назарбаев биліктен кеткісі жоқ» дейтін сыншылардың аузына құм қойды, екіншіден Тоқаевқа толық билік берілуі тиіс дейтін елдің пікірін есепке алды.

«Барша қазақстандықтар Тоқаевтың төңірегіне топтасып, оның мемлекеттік саясаттағы бағыт-бағдарына қолдау көрсетуі қажет. Қазіргі президенттің идеяларын іске асыруға барлығымыз атсалысуымыз керек.

"Нұр Отан"? Мен бұл партияның бастауында тұрдым. Осы күнге дейін төрағалық міндетімді мүлтіксіз атқардым және партияға қандай шешім пайдалы болатынын беске білемін. «Нұр Отанды» Мемлекет басшысы басқаруы тиіс, бұдан ұтпаса, ұтылмайды. Бұл мен үшін өте-мөте маңызды шешім, бұған бармас бұрын он ойланып, жүз толғандым», – деді Назарбаев.

Негізінде «Нұр Отан» тек саяси институт емес, сонымен қатар президенттің саясатын алға жылжытатын маңызды құрал. Президенттің саяси бағыт-бағдарын жүзеге асыру бірінші кезекте «Нұр Отанға» жүктеледі. Мемлекет пен қоғамның арасында өткел орнату да билеуші партияның жұмысы.

Мәселе «Нұр Отан» өзіне жүктелген істі ойдағыдай орындап отыр ма? Назарбаевтың тұсындағы «Нұр Отан» мемлекет пен қоғамды байланыстыратын тиімді институтқа айнала алды ма? Партия Тоқаевтың тұсында қалай түрленеді?

Анығы, жыл басында Ассемблеяны қолына қаратқан, күні кеше «Нұр Отан»  партиясының төрағасы атанған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясаттағы ықпалы пен билігі күшейе түсті. Ал бұл оған жүктелген жауапкершіліктің арта түсетінін білдіреді.

Байқар болсаңыз, Тоқаев «транзит» деген терминді аса ұнатпайды. 2019 жылғы президент сайлауынан кейін бұл мәселеге мүлде нүкте қойып, транзиттің тәмәм болғанын мәлімдеген. Яғни, Назарбаевтың биліктен біржолата кеткенін, қазіргі әрі нақ президент Тоқаев екенін емеурінмен аңғартқан.

Алайда Назарбаев Тоқаевты тежеп отыратын түрлі тәсілдерді күні бұрын қарастырып қойған еді. Қауіпсіздік кеңесі мен «Нұр Отандағы» төрағалық елде қос билік орнаған деген қауесетті қоздата түсті.

Назарбаев мұны жеке мүддесі үшін жасаған жоқ, биліктен бірден кете салса елдегі ырыс пен ынтымақтың, бірлік пен бейбітшіліктің шаңырағы шайқалып кете ме деп қауіптенді.

Мемлекетті Тоқаевта табыстарда аздаған күмән-күдігі болған да шығар, мұны сейілту үшін Назарбаевқа уақыт қажет болды. Араға екі жыл салып Назарбаев ел билігі сенімді қолда екеніне анық көзі жетті.

Елбасының «Нұр Отанды» Тоқаевқа табыстауы алдағы президент сайлауына кім түседі деген талқы-таласқа нүкте қойды.


Тоқаев 2024 жылғы президент сайлауында екінші мерзімге өтуге тырысады. Мұны Назарбаевтың өзі құптап отыр. Дәл қазір елдегі билік Тоқаевтың қолында. Бұдан былай оның саяси белсенділігі арта түседі, биліктегі ауыс-түйістер тек Тоқаевтың қалауымен жасалатын болады. Бұған қазірдің өзінде дәлел көп.

Ал Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанды» Тоқаевқа табыстай отырып, саяси ұйымның болашақты даму стратегиясын сайлап кетті. Партияға келесідей міндет жүктелді:

  1. Уақыт көшінен қалмау.

  2. Ел пікірін елеп-ескеру.

  3. Шынайы өмірмен қабысатын нақты мақсат қойып, оған жету жолдарын айқындау.

  4. Көздеген мақсатына бөлінбей, ары тарт та, бері тартқа салмай, бірлесіп, біртұтас команда болып жету.

  5. Қоғамды партия құндылықтарының төңірегіне топтастыру, өз кезегінде осынау құндылықтар халықтың талап-тілегімен сай келуі керек.


«Нұр Отанның» негізгі 7 ұстанымы:

  1. Адам.

  2. Еркіндік.

  3. Заң үстемдігі

  4. Әділеттілік

  5. Ел пікірімен санасу

  6. Болашаққа ұмтылу

  7. Отбасы және дәстүр.


Назарбев партияның негізгі ұстанымдары ретінде осы қағидаларды нықтап кетті. Бұдан бөлек мемлекеттің іргетасы саналатын негізгі 7 приництен таймауды тапсырды.

Назарбаевтың соңына қалдырар мұрасы да осы. "Тоқаев осы үшін күресу тиіс және өткен 30 жылда өзі қабырғасын қалаған құндылықтарды сақтап қалуға міндетті" деп санайды. Тұтастай алғанда, осынау принциптер ешбір елдің тақиясына тар келмейтін, керісінше дамуына бағдар боларлық қағидалар.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар