Қасым-Жомарт Тоқаев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдап, оны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақорда мәліметінше, кездесу барысында Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы ынтымақтастықтың келешегі, ядролық қауіпсіздік мәселелері және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар талқыланған.
Президент Қазақстанның МАГАТЭ-мен ұзақ жылдар бойы қалыптасқан серіктестікті жоғары бағалайтынын айтып, Рафаэль Гроссидің жетекшілігімен ұйымның ядролық қауіпсіздікті нығайтуға және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға елеулі үлес қосқанын атап өткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Рафаэль Гроссидің 2023 жылғы сәуірде Қазақстанға жасаған алғашқы сапары екіжақты байланыстарды дамытуға тың серпін бергенін жеткізген. Сондай-ақ Президент Қазақстанның ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселелері бойынша МАГАТЭ-мен ұстанымы ұқсас екенін айтқан.
Мемлекет басшысы қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайдың күрделі екенін атап өтіп, жаһандық қауіпсіздікке қатысты түйткілдерді шешу үшін халықаралық деңгейде күш біріктіру қажет екенін мәлімдеген.
Кездесу барысында Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге арналған 2036 жылға дейінгі жол картасына, сондай-ақ ядролық медицина мен ғылым саласына қатысты бірқатар құжаттарға қол қойылғаны айтылды.
Өз кезегінде Рафаэль Гросси Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлін жоғары бағалап, еліміздің жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау бағытындағы бастамаларын маңызды деп атаған.
МАГАТЭ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық деңгейдегі беделіне де тоқталып, Президенттің ядролық қауіпсіздік, диалог және көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетудегі дәйекті саясатын ерекше атап өткен.
Сонымен қатар агенттік жетекшісі Қазақстанды АЭС салу бойынша өткен жалпыхалықтық референдум нәтижесінде атом энергетикасын дамыту бағдарламасының іске аса бастауымен құттықтаған.
Президент өз кезегінде Қазақстанның халықаралық келісімдер болған жағдайда Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселені шешуге атсалысуға дайын екенін тағы да растаған.
Рафаэль Гросси бұл бастамаға қолдау білдіріп, Қазақстанның мұндай келісімдерді жүзеге асыру үшін жеткілікті саяси беделі, инфрақұрылымы және ғылыми-техникалық әлеуеті бар екенін айтқан.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Рафаэль Гроссиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Рафаэль Гроссиге БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткер ретінде сәттілік тілеген.