Тоқаев Корея халқына көңіл айтты

Қаракөз Амантай 30 жел. 2024 17:03 1864

Мемлекет басшысы Корея Республикасы президентінің міндетін атқарушы Чой Сан Мокқа көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Муан әуежайында болған ұшақ апатының салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

Президент жақындарынан айырылған отбасыларға және барша достас корей халқына көңіл айтып, апаттан зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, 29 желтоқсанда Jeju Air әуекомпаниясының ұшағы ұшу-қону жолағында ұшпай, Муан халықаралық әуежайына қонған кезде қоршауға соғылған еді. Әуе апаты таңғы 9:07-де (Астана уақыты бойынша 5:07) болды.

Бангкоктан оралған Jeju Air әуекомпаниясының бортында барлығы 181 адам болды, оның ішінде алты экипаж мүшесі бар. Жолаушылардың көпшілігі Корея азаматтары болды. Таиландтың екі азаматы бар.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметтеріне сүйенсек, Муан қаласының әуежайына қонған кезде апатқа ұшыраған ұшақ құстармен соқтығысқан болуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар