Тоқаев жұрттың жүйкесіне тиген тас жолдың құрылысын бір жыл ішінде бітіруді тапсырды

Dalanews 05 қаз. 2022 05:59 689

Президент Тоқаев ресми іс-сапармен Қарағанды облысына келді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Сарыарқа өңірінің талай тарихи оқиғаның куәсі болғанын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы аймақтың экономикалық әлеуетіне жеке тоқталды.

Оның атап өткеніндей Қарағандының инвестициялық тартымдылығын арттыруға басымдық беру қажет. Ол үшін тоғыз жолдың торабындағы облыстың автокөлік жолдары сапалы болуы тиіс.

Президент Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте сылбыр жүріп жатқанын сынға алды. Құрылыс мерзімі қайта-қайта кейінге шегерілуде.

Осы мәселеге құмбыл көңіл бөлген Мемлекет басшысы Смайылов үкіметіне "Қарағанды - Балқаш" және "Балқаш - Бурылбайтал" тас жолын келер жылдың соңына дейін салып тәмәмдауды тапсырды.


"Сонымен қатар, "Қарағанды - Жезқазған" күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асып жығылатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы артады. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі өңірдің инвестициялық және туристік потенциалы артады. Осы жолды жөндеу дереу кірісу керек", – деді президент.

Президент назар аударған тағы бір актуалды мәселе: кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Тоқаевтың айтуынша облыс басшылары бұл мәселені елеп-ескере бермейді, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету сын көтермейді.

Айта кетелік, биыл "Арселор Миттал Теміртау" нысандарында жұмысшылар қаза тапқан қайғылы оқиғалар тіркелген.

Мемлекет басшысы өңірдегі ірі өндіріс орындарының басшыларына қатаң ескерту жасап, өндірістің инфрақұрылымын жаңартуға ұдайы инвестиция құю керектігін еске салды.

Жаңа Қазақстан өңірде жұмыс істейтін алпауыт компаниялардың қызметін жіті бақылауға көшкен.

Бұдан былай капиталды шетелге заңсыз шығаруға жол берілмейді. Компаниялар тапқан табысын аймақтағы әлеуметтік бағдарламаларға бағыттауы тиіс. Экология мәселесі де шет қалмайды.

Сөй деген Тоқаев: "Салық мәселесі? Егер ірі өндіріс орындары бұл талапқа сай келмесе, әріптестікті тоқтатамыз. Бұл қорқытып, үркіту емес. Жаңа Қазақстан өркениетті, дамыған елдерде қабылданған адал және әділ ережелер бойынша жұмыс істейтін болады", – деді.

Президент осы ретте елімізде олигархияның дәуірі өтіп, шенді-шекпенділер елге есеп беретін кезең келгенін айтты.


"Халықтың алдында жауапкершілікті сезінетін бизнес өкілдерімен әркезде серіктесіп жұмыс істеуге әзірміз", – деді Мемлекет басшысы.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар