Тоқаев ІІМ жұмысын сынға алды: Министр орнын босатуы мүмкін

Dalanews 24 қаң. 2024 04:39 2415

Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ішкі істер министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өткен еді. Мұнда президент полицейлердің жұмысын қатаң сынға алып, олардың алға қойған негізгі міндеттері туралы айтты. Осы тұста бірқатар телеграм арналар Ержан Сәденовтің қызметінен кетуі мүмкін екенін жарыса жазған болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Алқа отырысында қандай мәселелер қозғалды?

Жиын барысында мемлекет басшысы қылмыстың жекелеген түрлерінің өсіп жатқанын айтып, өңірлік полиция департаменттеріне сөгіс жариялаған. Қала берді әріптестеріне алдағы аттестация туралы ескертіп, биыл министрлік кадр сапасын арттыруға ерекше ден қоятынын мәлімдеген. 


Сонымен қатар президент Ішкі істер министрлігі басшыларын ротациялау мәселесін де қозғаған.


Осы тұста, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің жұмысына нашар баға берілген еді. Сол себепті алдағы уақытта бұл қызметке министр орынбасары қызметін атқарып жүрген, үлкен тәжірибесі мен басқарушы ретінде беделі бар Игорь Лепеха тағайындалуы мүмкін.


Тоқаев мұндай шешімге келуін соңғы уақытта  полиция қызметкерлерінің арасында қылмыс фактілерінің көбеюімен байланыстырды. Ал қарамағындағыларға өз кезегінде басшы ретінде Сәденов жауапты болатын. Жүктелген жауапкершілікті жүйелі атқара алмағандықтан ол қазіргі орынын босатып, Алматы полиция департаментінің басшылық қызметіне ауысуы мүмкін.


Ал Алматының қазіргі бас полицейі Арыстанғани Заппаров Ішкі істер министрінің орынбасары ретінде бұрынғы лауазымына қайта оралу мүмкіндігі бар.


Еске салайық, 2023 жылы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Сапарбекұлы Сәденов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымына тағайындалған болатын.


Коллаж: Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар