Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтқаны үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы ел үшін осындай ауыр сәтте Қазақстан Ресей көшбасшысы мен халқының шынайы тілектестігін және қолдауын ерекше бағалайтынын атап өтті.
Айта кетейік, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Маңғыстау облысында төтенше жағдай болған жерде жұмыс істеп жатыр.
Нақтыланған мәліметке сәйкес оқу-жаттығу, жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.