Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Бас прокуратура мен Бас прокурордың бірқатар өкілеттігі кеңейтілді. Құжат 2026 жылғы 21 тамыздан бастап күшіне енді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңартылған өкілеттіктерге сәйкес, Бас прокуратура заңдардың қолданылуын қадағалау және заңдылықтың жай-күйіне қатысты практиканы талдай алады. Бұл ретте құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесіне біріктірілген ақпараттық жүйелеріндегі, сондай-ақ Ұлттық цифрлық инвестициялық платформадағы мәліметтер пайдаланылуы мүмкін.
Бас прокуратураға қылмыстық-құқықтық салада, инвесторлардың құқықтарын қорғау және активтерді қайтару мәселелері бойынша халықаралық шарттар жасасу және олардың жобаларын келісу өкілеттігі де берілді.
Сонымен қатар ведомство активтердің сатып алыну немесе пайда болу көздерінің заңдылығын тексеріп, оларды заңсыз иемденуге, елден шығаруға қарсы іс-қимыл бойынша ақпаратты мониторингтеп, талдай алады. Бұл жұмыс заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнама аясында жүргізіледі.
Бас прокуратура өз міндеттерін орындау үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандарын, ғалымдар мен сарапшыларды, сондай-ақ коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарды, оның ішінде шетелдік ұйымдарды тарта алады.
Жаңа өкілеттіктердің бірі меншік нысанына қарамастан ұйымдардың актілеріне наразылық білдіру мүмкіндігіне қатысты. Егер мұндай актілер Конституцияға, заңдарға, ратификацияланған халықаралық шарттарға немесе Президент актілеріне қайшы келсе және белгілі бір санаттағы адамдардың құқықтарына әсер етсе, прокуратура оларды наразылық тәртібімен қарауға мүмкіндік алады.
Бұл норма физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына немесе басқа да жағдайларға байланысты өз құқықтарын өз бетінше қорғай алмайтын адамдарға, кәмелетке толмағандарға, адамдардың белгісіз тобына, сондай-ақ заңда белгіленген шектерде инвесторларға қатысты қолданылады.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура активтерді қайтару және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша халықаралық құқықтық ынтымақтастықты үйлестіреді.
Жарлықпен Бас прокурордың да өкілеттіктері кеңейтілді. Енді Бас прокурор инвестициялық омбудсменнің функцияларын жүзеге асырады және инвесторлардың құқықтарын қорғау саласында нормативтік актілер қабылдай алады.
Сондай-ақ Бас прокурор инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мекемелер және квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дауларды сотқа дейін реттеу жөніндегі комиссияны құру тәртібін бекітеді.
Бас прокурордың өкілеттігіне инвесторлардың жүйелі проблемаларының тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібін бекіту де енгізілді.
Құжатта Бас прокуратура мен Бас прокурордың Конституциялық заңда, Қазақстан заңдарында және Президент актілерінде көзделген өзге де құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруы қарастырылған.