Тоқаев әнші Мақпал Жүнісованы жоғары наградамен марапаттады

Тоқаев әнші Мақпал Жүнісованы жоғары наградамен марапаттады
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында ұлттық мәдениетті дамытуға, халықтың рухани дүниесін байытуға үлес қосып жүрген бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы қазақтың дәстүрлі өнерін ұзақ жылдар бойы насихаттап келе жатқан әнші әрі домбырашы Татьяна Бурмистрованы ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, ол жарты ғасырға жуық уақыт бойы ұлттық өнерді кеңінен дәріптеп, жас таланттарға өнеге көрсетіп келеді. Осы еңбегі үшін Татьяна Бурмистроваға еліміздің ең жоғары наградаларының бірі – "Отан" ордені берілмек.

Сонымен қатар Қазақстанның халық әртісі, жезтаңдай әнші Мақпал Жүнісова ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталады. Тоқаев өнер иесінің халық арасында, әсіресе әйелдер қауымы арасында ерекше құрметке ие екенін атап өтті.

Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Ганцева да мемлекеттік наградаға лайық деп танылды. Ол Қазақстан мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталмақ.

Президент кәсіби мереке қарсаңында мәдениет саласына еңбек сіңірген бірнеше өнер қайраткеріне "Қазақстанның халық әртісі" атағы берілетінін де айтты. Жалпы, биыл еліміз бойынша 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болады.