Freedom Inside '26

Тоқаев AMANAT партиясына алғыс айтып, тарихи қадамды қолдады

Тоқаев AMANAT партиясына алғыс айтып, тарихи қадамды қолдады
Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясы мен жаңа «Әділет» партиясының бірігуін тарихи шешім деп бағалап, бұл қадам елдегі реформаларға жаңа серпін беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында AMANAT партиясының мүшелеріне алғыс білдірді.

«Ерекше алғысымды AMANAT партиясының фракциясына және барлық мүшелеріне білдіргім келеді. Сіздер белсенді әрі жасампаз ұстанымдарыңызбен нағыз патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келесіздер. Жуырда өткен партия съезінде жаңа «Әділет» партиясына қосылу туралы аса маңызды стратегиялық шешім қабылданды. Мен бұл шын мәнінде тарихи қадамды толық қолдаймын әрі құптаймын. Барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштердің жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар төңірегінде топтасуы елімізде жүзеге асып жатқан түбегейлі реформаларға тың серпін береді. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз бір – жас ұрпаққа жарқын болашаққа жол ашатын өркениетті әрі озық мемлекет құру», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан азаматтарының жалғыз Отаны – Қазақстан, сондықтан елдің болашағы өз қолымызда.

«Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан еліміздің табысты дамуын тек өзіміз ғана қамтамасыз ете аламыз. Егер біртұтас ұлт болып жұмыла білсек, кез келген белесті бағындырып, алдымызға қойған барлық мақсатқа жетеміз. Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстан құрамыз. Мен бұған нық сенемін. Осы жолда аянбай еңбек ету – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Елімізде әрдайым бейбітшілік пен береке орнасын! Отанымыз мәңгі жасай берсін!» – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.