Тоңазытқыш теледидарды жеңді

Dalanews 30 нау. 2017 06:17 802

Ресейде халық көтерілді. 7-8 мың адам алаңға шығыпты. Путиннің оппоненті Навальный ұйымдастырған дейді бұл шараны. Дұрыс. Жоқ, жұрт Путиннің тақтан кетуін талап етпеген. Жемқорлықты жоюды сұрапты. Жемқор жүйені түзеуді талап еткен.  Анығы, Ресей бізден алыс кетпепті.

Ресейдегі оқиғаға баға берген қазақстандық саясаттанушылардың пікірін тыңдап екіұдай ойға қалдық. Шынын айтқанда, кейбіреулерінің сөзінде тұшымды түк жоқ. Тағы да сол өгізді де өлтірмеудің, арбаны да сындырмаудың амалы. Сақ. Өте сақ.

Айталық, көршіміздегі оқиғалардан біз қандай сабақ алуға тиіспіз?

«Ресейде ел митингіге шығыпты. Ендеше, бізге де ойлану керек шығар. Бұл жағдай  бізде де қайталануы мүмкін ғой?!» — деп толғана ма екен біздің билік, біздегі жүйенің төбе басында отырғандар…

Досым не дейді?


Бұл тарапта саясаттанушы Досым Сәтпаев біздегі саяси элитаның жұрттан жалтаратынын, жабықтығын, тұйықтығын тілге тиек етіпті. Дұрыс айтады. Біздің шенеуніктер қандай өзі? Бөтен. Бөгде. Халықпен араласудан қорқады. Жұрттың жұғысып кетуінен сақтанады. Солай емес пе?

– Тығырықтан шығудың бір жолы – демократиялық реформа, – дейді Сәтпаев.
Сонда ғана халықтың билікке деген сенімі өседі. Мемлекеттік құрылымдарды, ұлттық компанияларды құпияламай, олардың жұмысын, кірісін-шығысын барынша ашық қылу қажет. Халық билік басындағылардың қалай табыс табатынын, табысты қайда жұмсайтынын біліп жүруі тиіс. Сосын, жаңа саяси партиялар қажет, қазіргі қуыршақ партияларды айтып отырған жоқпын.

Айтуынша, қазіргі билік оппозициядан сескенбейді. Қорқатындай қуаты жоқ. Бұл оппозиция өтті. Кетті. Бірақ, бұл Қазақстанда қазіргі жүйеге деген саяси қарсылықтың біржолата өшкенін білдірмейді.

Ескі оппозицияның орнына жаңасы келеді. Олар қазіргі жүйемен мүлде басқа әдіспен, басқа тәсілмен күресуі мүмкін.

Полетаев vs Cарым


Бұл екеуі екі бөлек әлемнен келген сияқты. Сарымның пікірі біздің ұстаныммен сәйкеседі. Полетаевтың сөзінен шынайылық таппадық. Айтуынша, Ресейде алаңға шыққандар – гаджеттер мен әлеуметтік желінің буыны екен. Желіккен, еліткен, бүлік іздеген, өмірдің ыстық-суығын бастан өткермеген буын.

– Олар алаңға шығып, полициямен алысқанды батырлық санайды. Иә, жемқорлық жүйкені құртып болды. Бірақ, онымен жүйелі түрде, заңды процедуралар негізінде күресу керек. Ал мына митингіде жемқорлықты қалай жеңу қажеттігі туралы ойға қонымды бірде-бір ұсыныс айтылмады. Халық тұрмыстың нашарлап кеткенін қайталаумен ғана болды, – дейді.

Байқасаңыз, ресми биліктің мәлімдемесі сияқты. Тұшымды түк жоқ. Алаңға шыққан ел желіккен, еліткен екен. Бүлік іздеген екен. Сонда жемқорлықпен кабинетте отырып «күресу» керек екен. Осы уақытқа дейін бұдан қандай нәтиже болды? Болса, елдің алаңға шығып несі бар?

Саясаттанушы Сарымның пікірі Полетаевтың сөзіне кереғар жатыр. „Бұрынғы посткеңестік кеңістіктегі қоғам трасформацияланып жатыр„, дейді. Яғни, өзгеруде, өсуде. Сан жағынан да, сапа жағынан да. Ал билік ше? Ол өзгерді ме?

– Саясат пен экономика нарығына мүлде жаңа ойыншылар кеп жатыр.
Көр де тұрыңыз Навальныйды жабады. Ол Ресейдегі нарызылық лидеріне айналып үлгерді. Путин оны сайлауға жібермеудің амалын табады.

Алда президент сайлауы мен алапат девальвация келе жатыр. Қызықтың көкесін сонда көреміз. Беларусь та шатқаяқтап тұр. Ол жақта Ресейдегідей елді ереуілге бастап шығатын көшбасшы жоқ шығар, бірақ тұрмыс ауырлап барады. Ал бұл халықты алаңға алып шығатын ең басты фактор, – дейді Сарым.

"Крым наш" па? 


Сарапшы Марат Шибұтов та Сарымның сөзін қостап отыр. Ресейдегі халық наразылығы үдемесе, азаймайды.

— Шынымды айтайын. Ресейдегі алаңға шыққан халыққа қарап таң қалып отырмын. Соңғы жылдары мүлде болмаған құбылыс бұл.
Байқаймын, «Крым наш» деген оптимизнің аптығы басылған сияқты. Босаған тоңазытқыш теледидарды жеңіпті, ақыры.

Халық айналасына қарайлап, неге кедейміз, тұрмысымыз неге жүдеу деп, ойлана бастады. Ресейдегі митинг бір қаламен шектелген жоқ. Демек, Кремльдің қазіргі саясатымен тұтас халық келіспейді деген сөз, – дейді ол.

Шибұтов бұл ретте ілгерідегі Полетаевтың пікіріне соққы беріпті.

– Алаңға шыққан негізінен жас буын екен. Студенттер, оқушылар. Ертең елдің қабырғасын қалайтын буын қазіргі жүйеге көңілі толмай алаңға шықты. Ендеше, Кремльдің бас ауруы одан сайын көбейеді. Мұның арты немен аяқталарын болжаудың өзі қиын, – дейді ол.

Біз Германия емеспіз, бола алмаймыз да…


Біздегі жүйе әділетсіз. Мәселе шындық қууда, ақиқат іздеуде емес. Әдепкі өмірдегі әділетсіздікте жатыр. Сарапшы Болат Сұлтановтың сөзінен осыны ұқтық.

– Біздің шенеутіктер бірнәрсе болса, Батысты мысалға келтіреді. Батыстан көшіреді. Қазақстанды Батыспен салыстырады. Біз қайда, олар қайда? Қазақстандағы ең төменгі «пенсия»  — 28 мың теңге. Дәл осы жастағы немістің зейнеткері 1000 еуро алады. Тоқ етерін айтсам, билікке өзін-өзін жарнамалауды доғару керек. Тым аспандап кетті. Халықтан алыстап кетті, – дейді Сұлтанов.

P.S. Әлемдегі ең ықпалды 100 ойшылдың бірі Мойзес Наим өзінің «Биліктің ақыры»  атты кітабында былай деп жазады: «Билікке бұлшық етін бұлтылдатқанды қойып, ақылмен әрекет ететін кез келді. Бұл өзгерістің басы. Өзгермеді екен, орнынан айырылады. Сайып келгенде, өзгеріс биліктің өзі үшін керек. Өз орнын сақтап қалуы үшін қажет». Солай.

Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар