Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының тұрғыны Бекболат Өтебаев Абай атындағы алаңда жалғыз адамдық пикетке шығып, Назарбаевтың құрметіне аталған орталық көше мен жаңа алаңның атын өзгертуді талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алаңға "Я хочу жить. I want to live" деген жазуы бар плакат ұстап шыққан зейнеткер, Назарбаевқа өкпесін жеткізді.
"Бұрынғы атауын қайтарсын. Назарбаев атын қалаға жолатпасын, себебі Назарбаев Қазақстан халқына жақсылық жасаған жоқ. Елді тонаумен, ұрлаумен, өз отбасын байытумен айналысты. Алаңға "Тәуелсіздік" атын қайтарсын, бізге Назарбаевтан гөрі Тәуелсіздік қымбат", — деді Өтебаев.
Зейнеткер әкімдікке 28 және 29 ақпанда саяси-әлеуметтік тақырыпта жалғыз адамдық пикет өткізу жөнінде ескерту хабарлама жіберген. Алайда екеуі де кері қайтарылған.
Ал алаңда төбе көрсеткен Орал тұрғынына мемлекеттік қызметкерлер ескерту жасап, акцияны тоқтатуды талап етті. Сонымен бірге олар "заңсыз акция үшін" әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Ал Өтебаев оларға илана қоймады.
Бекболат Өтебаев әлеуметтік және саяси өзгерістерді талап ететін акцияларға жиі шығады. Мұнда ол халықтың күнкөріс жағдайының нашарлап кеткенін әрі жемқорлық өршігенін үнемі айтып жүреді.