Білім – ғылымның іргетасы жəне мемлекет дамуының алтын арқауы екенін айтқан аудан әкімі Президентіміз өз Жолдауында білім беру саласына айрықша тоқталып, адами капитал сапасын жақсарту қажеттігін айтты деді.
– Осы ретте, аудандағы апатты және апат алдындағы мектептерді жою, білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылуда. Апатты және апат алдындағы 26 мектептен 2015-2017 жылдары 17 мектеп, 2018-2020 жылдары 9 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Осылайша, 2020 жылы апатты мектептер мәселесі толығымен шешіледі, – деді әкім.
Оның айтуынша, ауданда ұлттық қор есебінен 300 орындық 5 мектеп, ал жергілікті бюджеттен 100 орындық 3 мектеп салынып жатыр. Сонымен қатар, 2017 жылдың маусым айына дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 12 жаңа балабақша ашылып, осының нәтижесінде 1455 бала балабақшамен қамтылмақ.
Сонымен қатар, ол биылғы жылы 11 сыныпты бітіруші 1640 оқушыдан 1156 оқушы (70%) ҰБТ-ке қатысуға өтініш бергенін айтты. Ал балаларды жазғы демалыспен және сауықтырумен қамту мақсатында 4 демалыс лагерінде 3656 оқушы демалады.
Сондай-ақ, аудан басшысы осы жылы Қақпақ ауылдық округінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 300 орындық заманауи лагерь құрылысы жеке кәсіпкер арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі