Токаев қаржы нарығын күшейту және экономиканы кредиттеуді арттыруды тапсырды

Токаев қаржы нарығын күшейту және экономиканы кредиттеуді арттыруды тапсырды
Akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдап, қаржы нарығының биылғы сегіз айдағы жұмысының нәтижелерін тыңдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәдина Әбілқасымова банктер туралы жаңа заңды іске асыру аясында заңға тәуелді актілер толық жаңартылып, 80 нормативтік-құқықтық акт қабылданғанын баяндады.

Банктердің активтері 6,9%-ға өсіп, 75,6 трлн теңгеге жеткен. Капиталдың жеткіліктілігі 20,7%-ды құрады.

Сегіз айда қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізіліп, 190 қадағалау шарасы қолданылған. Нәтижесінде 465 млн теңге айыппұл салынды.

Микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығында жұмыс істейтін 13 ұйым лицензиясынан айырылды. Алты ұйымның лицензиясы уақытша тоқтатылып, төрт коллекторлық агенттік тізілімнен шығарылды.

Кәсіпкерлікке берілген кредит көлемі де өсті. Бизнеске арналған кредиттер 3,5%-ға артып, 16 трлн теңгеге жеткен. Жыл басынан бері кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредит көлемі 19,1%-ға өсіп, 12,5 трлн теңгені құрады.

Реттеу шараларының нәтижесінде жеті айда тұтынушылық кредиттің өсімі 4,6%-ға дейін баяулаған.

Шілде айынан бастап мерзімі өткен берешекті ұжымдық реттеуге арналған Finkelisim.kz платформасы іске қосылды. Жыл соңына дейін азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарайтын Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі жұмысын бастайды.

Сонымен қатар 2030 жылға дейін капитал және сақтандыру нарықтарын дамыту бағдарламалары, сондай-ақ «Капитал нарығы туралы» және «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобалары әзірленіп жатыр.

Қаржы секторына жасанды интеллект енгізу мәселесіне де назар аударылды. Агенттік FinAI бірыңғай қадағалау платформасын құрған. Жыл соңына дейін қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясын әзірлеу жоспарланған.

Кездесу қорытындысында Президент қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, экономиканың нақты секторларын кредиттеуді арттыру, сондай-ақ капитал және сақтандыру нарықтарын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.