ТКШ жүйесін жаңғыртуға 10 трлн теңгедей инвестиция тартылмақ

Қаракөз Амантай 30 қаз. 2024 14:45 2555

Премьер-министр Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының сұрағына берген жауабында 2029-2030 жылдарға дейін ТКШ жүйесін жаңғырту бойынша жаңа ұлттық жоба аясында шамамен 10 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Рахымжанов премьер-министрден президенттің 2029 жылға қарай Қазақстан экономикасын 450 млрд АҚШ долларына дейін арттыру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын сұрады.

“Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4%-ды құрады. Бұл өсім мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан, басқа салалардың есебінен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы саласы 11,4%-ға өсті, ал көлік пен сауда 6%-дан астам көрсеткіш көрсетті. Құрылыс саласы 10%-дан аса өсті”, - деді Бектенов.

Премьер-министр еліміздегі ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін экономикаға айтарлықтай инвестиция тарту қажет екенін атап өтті. Президенттің тапсырмасы аясында әзірленіп жатқан ТКШ жүйесін жаңғырту жобасында 2029-2030 жылдарға дейін шамамен 10 трлн теңге инвестиция қарастырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар