"Тіліңді тый...". Мәжіліс депутаты атышулы Зюгановқа жауап қатты

Dalanews 08 нау. 2022 17:04 904

Мәжіліс депутаты, Парламенттегі Халықаралық істер комитетінің төрағасы Айгүл Құспан Қазақстанның солтүстігіне сұқтанған Геннадий Зюгановқа жауап қайтарды деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресей саясаткері Зюганов: "Солтүстік Қазақстан тұтастай алғанда орыстікі, ал оңтүстік Қазақстанда орыс тілі мектептерде оқытылмауда. Мемлекеттік Дума бұл мәселені шешу бойынша нақты шешімдер шығаруы тиіс деп санаймын", – деп бықсыған болатын.

Дума депутатының айтуынша Қазақстандағы орыстілділерге осындағы ұлтшылдар күн көрсетпеуде. "Біз рухани, мәдени, тілдік тұрғыдан толық қорғалуға тиіс шаралар қабылдауға міндеттіміз", - дейді төрінен көрі жақын Зюганов.

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан кәрі коммунисті соқтығарға себеп таппай жүр деп санайды.

"Тырнақ астынан кір іздеп, қисынға келмейтін, ойдан құраған дүниені дауға ұластырмақшы. "Солтүстік Қазақстан тұтастай алғанда орыстікі, ал оңтүстік Қазақстанда орыс тілі мектептерде оқытылмауда" дегенін басқаша түсіндіру мүмкін емес.

Ресей билігін шұғыл шара қабылдауға шақыруы да ашықтан-ашық арандату. Айтылған сөз - атылған жоқ.

Шовинистік үндеу жасаған Зюганов Қазақстан мен Ресейдің сенімді серіктес, одан қалды одақтас екенін ұмытып кетсе керек. 


Коммунистік партияның көсемі өзін алыс-жақын шетелдегі орыстардың жанашыры, ұлт патриоты ретінде дәріптегісі келгендей. Мұндай мәлімдеме арқылы Зюганов секілді саясаткерлер Ресейдің сүйкімін кетіруде. Ел мен елді араздастыруда", – дейді Құспан.

Оның атап өткеніндей, қазіргідей құбылмалы уақытта ресей саясаткерлері ең алдымен тілін тыйуы қажет.

"Әсіресе, көршілеріне келгенде ауыздан шыққан әр сөзге абай болған жөн", – дейді депутат.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар