Тікұшақ жалдаған «бай емес, байдың баласы да емес»

Dalanews 03 там. 2017 11:07 1032

Шымкенттік жас жұбайлар күндізгі қыдыруларына тікұшақты 550 мың теңгеге жалдаған. Бір сағат бойы қызмет көрсеткен тікұшақ жекеменшік мұнайгаз компаниясына тиесілі болып шықты.

Компанияның авиация департаменті жетекшісі Қуаныш Мұсаевтың сөзінше, жекеменшік мекеме коммерциялық қызмет көрсетуге жуырда ғана рұқсат алған. Ал жас жұбайлардың тапсырысы алғашқысы екен.

– Соңғы кездері қаржылық қиындықтар болуына байланысты біз коммерциялық қызмет көрсету үшін рұқсат алған болатынбыз. Арнайы сайт ашып, жарнама да беріп қойдық. Ал, жас жұбайлардың тапсырысы алғашқысы еді. Бірақ мұншалықты шу шығады деп ойламадық. Яғни, тойға келген қонақтар тікұшақты түсіріп, әлеуметтік желілерге таратып жіберіпті. Енді бізге соны кесірі тиіп кетуі мүмкін, – дейді Қуаныш Мұсаев.

Естеріңізге сала кетейік, күні кеше оңтүстік өңірінде той кортеджімен бірге ұшқан тікұшақтың бейнежазбасы барлық әлеуметтік желілерге тарап кеткен болатын. Түсірілімде той кортеджімен ілесіп бара жатқан тікұшақ төмен қарай түсіп, қайта көтерілген.

Бүгін өңірдің жергілікті полицейлері осы жайт бойынша анықтау жұмыстарына кіріскен еді. Кейіннен үйленіп жатқан азамат Айтуған есімді суретші екені белгілі болды.

«Жігіттер» тобының мүшесі Бағлан Әбдірайымов инстаграмдағы парақшасында үйленген жігітке былайша ара түсті.

«Кезінде мен үйленгенде суретке түсіріп қызмет жасап еді. Бүгін міне менің де қызметім өтті. Бүгінгі интернеттің «гүлі» болған осы жастар. Ол – бай емес, ол – байдың баласы емес, ол – қарапайым суретке түсіретін, идеясы мықты жігіт! Вертолётпен «гулянка» жасап жүрген осы ғой! Алла бақтарыңды ашсын, Айтуған!», – деп жазды Бағлан Әбдірайымов.

Егер қарапайым суретке түсіретін жігіт тікұшақ жалдап, той кортеджін ұйымдастырса, басқа ел не істемейді? Сондықтан бұл жерде әншінің той иесі «бай емес, байдың баласы да емес» деп шыр-пыр болып ара түсуінің жөні жоқ. Ақшасы бар, идеясы жоқ байлар мұны көріп, ертең «гулянкаларына» тікұшақ жалдауды әдетке айналдыруы мүмкін. Сондықтан бұған билік тарапынан тыйым салынуы қажет. Егер ұшақ жерге жақын ұшып, жол бойындағы сымға қалағының ұшы тиіп кетсе, талай адам мерт болмай ма?

Сондықтан тойға тікұшақ жалдаудың бас-аяғы осымен тоқтау керек. Ойыннан өрт шығып кетуі мүмкін.

Сонымен қатар мұнай комапниясының ұшқыштарының тойға қызымет көрсетуіне қатаң түрде тыйым салуы керек. Егер бұған тыйым салмасақ, тойға қызмет көрсетіп күреп ақша тауып жүрген идеясы «мықты» жігіттер бір әскери бөлімшемен келісіп, оншақты танкті жалдап, той шеруін ұйымдастырып, өзі әрең тұрған жолдарымызды талқандауы мүмкін.

 

https://dalanews.kz/29149

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар