Террористік аймақтардан оралған азаматтарға көмек көрсеткісі келетіндерге 12 миллион теңгеге дейін грант беріледі. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдауды бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл қаржы террористік белсенділік ошақтарынан оралған азаматтарға, сондай-ақ қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған қазақстандықтардың туыстарына құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, репатрианттар мен олардың отбасы мүшелері мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қызметтер мен жәрдемақыларды алу кезінде көптеген қиындыққа тап болуда. Уақытылы шешілмеген әлеуметтік және құқықтық мәселелер – радикалды идеологияға қайта бой алдыру қаупін арттырады.
“Гранттың мақсаты – құжат рәсімдеуге көмектесу, заңгерлік кеңес беру және әлеуметтік төлемдерге қол жеткізу үшін мемлекеттік қызметтерді қалпына келтіруге жәрдемдесу”, – деді министрліктегілер.
Грант алған жобалар 2025 жылдың тамызынан желтоқсанына дейін Астана, Алматы қалаларында, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге асады. Бір қысқа мерзімді гранттың көлемі – 11,8 миллион теңге.
Өтінім қабылдау мерзімі, қатысушыларға қойылатын талаптар мен құжаттар тізімі туралы толық ақпарат мемлекеттік гранттардың Бірыңғай операторының ресми ресурстарында жарияланған.