Жаңа мектепте оқушылар жалпы оқу бағдарламасы бойынша білім алып қана қоймай, сонымен бірге өздерінің шығармашылық қабілеттерін де дамытуға мүмкіндік алады. Ғимаратта керамика, металл мен ағаш өңдеу шеберханаларына, маталарды өңдеуге, тамақ дайындауға арнайы орын бөлінген және олар толықтай жабдықталған.
– Бүгінгі күн жылыойлықтар үшін өте маңызды болмақ. Себебі, Қазақстан Респбуликасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бүгін көптен күткен білім ордасы №6 жалпы мектептің жаңа ғимаратының құрылысы толықтай аяқталып, халық игілігіне табыс етіледі. Осыған орай сіздерді жаңа оқу жылында жаңа мектептің ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Оқушыларға осындай мүмкіншіліктерді тудыра отырып, жақсы оқып, белсенді және қайратты, адал және жауапты болуын тілеймін, – деді Халел Жамалов, Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі.
«Теңізшевройл» ЖШС Жылыой ауданы мен Құлсары қаласының дамуына ерекше назар аударады. ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуынша, «Игілік» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған барлық жобалардың шамамен 60 пайызы Жылыой ауданына тиесілі.
– Біз компания ретінде де, қызметкер ретінде де жергілікті қоғамдастықтың ажырамас бөлігі болып табыламыз. ТШО басшылығы үшін Жылыой ауданы қашан да басты назарда. Өйткені Теңіз кенішінде жұмыс істейтіндердің басым бөлігі осы жерде тұрады. Біз «Игілік» бағдарламасының кезекті жобасының табысты аяқталғанына және Құлсары қаласы тұрғындарына қызмет ететініне қуаныштымыз. Болашақта осы мектеп түлектерінің табыстарын сіздермен бірге көрейік, – деді ашылу салтанатында сөз алған Рзабек Артығалиев.
Бүгінде 63 мыңға жуық тұрғыны бар Құлсары қаласында 13 жалпы білім беру мекемесі жұмыс істейді. Бес жылдық «Атырау Бонус қоры» бағдарламасын алмастырған «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасы өз жұмысын 1998 жылы бастады.
Содан бері «Игілік» бағдарламасының жылдық бюджеті сатылап көбейіп келеді. Мәселен, 2021 жылы 30 миллион АҚШ долларын бөлді. Қаражаттың негізгі бөлігі балабақшалар, мектептер және Атырау облысы тұрғындарының игілігіне арналған басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына бағытталатын болады. «Игілік» бағдарламасы бойынша 130-дан астам жоба жүзеге асырылды.