Теңізде жұмысшылар 21 сәуірде таңертең сағат 7-ден бастап жалақысын 50 пайызға көтеруді талап етіп, видеоүндеу жариялаған еді. Жұмысшылар тараған, бірақ жалақы мәселесі ашық күйде қалған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ақ жайық" басылымы мәліметінше, Теңіз кен орнында жалақыны көтеруді талап еткен «Кәсіби таңдау» ЖШС рекрутинг мекемесінің жұмысшылары 22 сәуірде таңертең сағат 7.30-да тараған. Бұл туралы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Кемел Иманғалиев мәлімдеген.
Кейінірек «Ақ Жайық» редакциясына белсенділерге қысым көрсетілгені туралы ақпарат келген:
"Жұмыс беруші талапты орындауға құлқысы жоқ, онымен қоймай 180 адамды қудалауға ниетті. Ертеңге арамыздағы белсенділерге бөлімге шақырту келіп жатыр, келмеген жағдайда мәжбүрлі түрде алып кетуге ескерту келді", - деп жазылған хабарламада.
Ал мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Кемел Иманғалиевтың сөзінше, тараптар келісімге келген. Жұмыс беруші өз тарапынын жұмысшыларды қудаламайтынын және жұмыс істемеген екі күнге жалақы есептелетінін хабарлаған.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Игілік Әубекеровтің сөзінше, жалақыны 100 пайызға көтеру туралы талап болмаған. Ол жұмысшылар екі топқа бөлінгенін түсіндірді: 120-дан аса жұмысшы жалақыны 50 пайызға көбейтуді сұраса, 90-ға жуық жұмысшы вахта мерзімін қысқартуды, яғни 28 күн жұмысты 14 күнге ауыстыруды талап еткен. Талап қоюшы жұмысшылар – қоймада және көлік қызметін ұсыну бөлімінде істейтін түрлі лауазым иелері.
"Бірінші топ келіссөздер өтетін залға кіруден бас тартып, сыртта қалып, лауазымын көтеру туралы жазбаша бұйрықты талап еткен. Компания басшылары оларға «мәселені бір күн талқылау үшін демалыс береміз. Залға келіп, келіссөзге келіңдер» деген. Бірақ жұмысшылар «далада талқылаймыз, жалақыны 50 пайызға көтеру туралы бұйрық алып кел» деп, келіспеді. Жұмысшыларға жұмысқа шықпаса, жұмыс тәртібін бұзған боп саналады деп ескертілді. Бұдан соң қудаламаймыз деген ауызша уәдесін алған соң жұмысшылар тарасқан.
Ал 14/14 вахталық жұмыс әдісіне ауыстыруды сұраған жұмысшылар кеңсенің мәжіліс залына келіп, талаптарын айтқан. «Кәсіби таңдау» мен COCR компаниялары басшылары олардың талабын тыңдап, шешуге тырысамыз деп уәде берген және меморгандар көзінше талаптарын қойғаны үшін қудаламаймыз деп сендірген. Осыдан кейін ғана жұмысшылар жатақханаға баруға келіскен", - деп жазылған мәліметте.
Басылым мәліметінше, жалақыны 50 пайызға көтеру туралы талабы ашық күйінде қалған. Компания басшылары жұмысшыларға жалақы бойынша өз бағдарламасы мен жоспары аясында жыл сайын жалақы мен нарық бағасын талдап, жыл аяғында жалақы көтеретінін алға тартқан. Бірақ жалақыны 10 пайызға өсіре ме, әлде 50 пайызға өсіре ме, бұл - белгісіз.
"Оны компания жүргізілген талдау қорытындысына қарап шешеді", - дейді Әубекеров.
Еске салайық, бұған дейін Теңіз кенішінде жалақы дауына байланысты 140-тан аса жұмысшы талап қойғаны хабарланды.