"Теңіз" кен орнында болған технологиялық іркіліске байланысты оқиға орнында жедел шаралар қабылданды, деп хабарлайды Dala News.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің тапсырмасымен вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев тікелей "Теңіз" кен орнында жүр. Ол жағдайды бақылап, оператор компаниямен өзара іс-қимылды үйлестіруде.
Министрліктің мәліметінше, 18 қаңтарда болған газтурбиналық қондырғылардың ажырауына қатысты барлық мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастады. Оның құрамына Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменті, Атырау облысы әкімдігінің энергетика басқармасы, жүйелік оператор KEGOC және "Теңізшевройл" компаниясының өкілдері енді.
Мұнай өндірудің уақытша тоқтатылуы оператор тарапынан қауіпсіздік хаттамаларына сәйкес қабылданған. Бұл шешім персонал мен жабдықты қорғау мақсатында жүзеге асырылған.
Қазіргі таңда комиссия оқиғаның себептерін жан-жақты техникалық тұрғыда талдап жатыр. Инциденттің себептері мен салдарына қатысты барлық ресми қорытындылар тек комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін жарияланатын болады.
Министрлік жағдайды толық бақылауда ұстап отыр.
