АҚШ-тың Chevron компаниясы Қазақстан билігімен "Теңіз" кен орны бойынша келісімшарттың болашағын талқылауға кірісті. Қолданыстағы келісім 2033 жылы аяқталады, ал алдағы жеті жыл тараптар үшін шешуші кезең саналады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Теңіз" Қазақстан экономикасындағы стратегиялық нысандардың бірі. Ол елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 10 пайызын қалыптастырып, тәулігіне миллион баррельге жуық мұнай өндіруге үлес қосады. Қарапайым тілмен айтқанда, экономикадағы әрбір оныншы теңге Теңізбен тікелей немесе жанама байланысты.
Chevron бұл жобада ондаған жыл бойы жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде компания Теңізді кеңейтуге шамамен 48 млрд доллар инвестиция салған. Бұл бастапқы жоспардан 11 млрд долларға артық. Жоба әлемдегі ең қымбат әрі ауқымды мұнай бастамаларының біріне айналды. Қазір тараптар келесі кезеңнің шарттарын талқылап жатыр.
Келіссөздердің дәл қазір басталуына бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, қазақстандық мұнай экспортының осал тұстары айқын көріне бастады. Негізгі көлем өтетін Каспий құбыр консорциумы бағыты арқылы тасымал Ресей аумағына тәуелді, ал Новороссийск терминалына жасалған дрон шабуылдары тәуекелді күшейтті.
Екіншіден, Қазақстан ОПЕК+ аясында өндіру квоталарын сақтау мәселесінде қысымға жиі ұшырап отыр. Елді лимиттен асып кетті деп айыптайтын пікірлер күшейген.
Сарапшылардың айтуынша, Chevron жобадан кетсе, оны алмастыру оңай болмайды. Әңгіме тек қаржыда емес, басқару тәжірибесі, технология және адам ресурстары туралы. Мұнда тұтас саланың тиімділігі таразыға түседі.
Chevron басшылығы болса, Теңіз әлі де әлеуетін толық ашқан жоқ деп санайды. Компания дерегінше, өндіріс өсіп келеді, қуаттар кеңейтілген, ал инфрақұрылым кен орнының ерекшеліктеріне бейімделген.
АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының бағалауынша, Қазақстандағы мұнай қоры шамамен 30 млрд баррельді құрайды. Бұл әлемдік рекорд емес, алайда Каспий өңіріндегі елді негізгі ойыншылар қатарына қосатын айтарлықтай көлем.
Салыстыру үшін, мұнай қоры ең көп елдер қатарында Венесуэла 303 млрд баррельмен көш бастайды. Одан кейін Сауд Арабиясы, Иран, Канада және Ирак тұр.
Сарапшылардың пікірінше, Теңіз бойынша келіссөздер тек бір кен орнының емес, жалпы қазақстандық мұнай секторының болашағын айқындайды.
