Теңгенің тұрақтылығы неге маңызды: экономист пікір білдірді

Теңгенің тұрақтылығы неге маңызды: экономист пікір білдірді
gov.kz

Экономист Руслан Сұлтанов теңге бағамына қатысты қоғамда жиі талқыланатын мәселелерге тоқталып, экономика үшін ең маңыздысы валюта күшті не әлсіз болуы емес, оның тұрақтылығы екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz "Қаржылық сауат" арнасына сілтеп.

Маманның сөзінше, ұлттық валютаның нығаюы тұтынушыларға тиімді. Мұндай жағдайда импорттық тауарлар, техника мен дәрі-дәрмек арзандайды, ал шетелге шығу шығыны азаяды. Сонымен қатар, инфляция қарқыны баяулауы мүмкін.

Алайда бұл жағдай экспорттаушылар үшін қолайлы емес. Себебі олар шетелде өнімін доллармен сатып, ішкі шығындарын теңгемен өтейді. Теңге күшейген сайын сырттан түскен валюталық табыстың құны төмендейді.

Сонымен қатар, сарапшы әлсіз теңгені де тиімді шешім деп атауға болмайтынын айтты. Оның пікірінше, ұлттық валютаның құнсыздануы импорт қымбаттауына, шығындар артуына және инфляция күшеюіне әсер етеді. Бұл қарапайым халықтың тұрмысына салмақ түсіреді.

Руслан Сұлтановтың айтуынша, бизнес пен тұрғындарға ең қажет нәрсе - бағамның қай бағытта өзгеретінін болжауға болатын тұрақты валюта.

Экономист базалық мөлшерлеме мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, инфляция толық бәсеңдемей тұрып мөлшерлемені күрт төмендету баға қайта өсуіне және теңгеге қысым күшеюіне себеп болуы мүмкін.

Сондай-ақ, ол әр елдің экономикалық жағдайы әртүрлі екенін еске салды. Сондықтан басқа мемлекеттердегі базалық мөлшерлеме деңгейін Қазақстанмен тікелей салыстыру дұрыс емес.

Сарапшы мұнай бағасы мен теңге бағамының байланысына да назар аударды. Оның пікірінше, мұнай құны өсуі ұлттық валютаға қолдау көрсеткенімен, бағамның өзгеруіне жалғыз осы фактор әсер етпейді. Мұнда экспорт пен импорт көлемі, сыртқы қарыздар, инвестициялар және нарықтағы сұраныс сияқты көптеген көрсеткіш маңызды рөл атқарады.

Экономистің қорытындысына сүйенсек, ел экономикасы үшін басты басымдық - теңгенің күші емес, тұрақты бағам, төмен инфляция және экономикалық саясатқа деген сенім.