Теңге және доллар түріндегі депозиттер: Ел азаматтары өз ақшасын қай валютада сақтағанды жөн көреді

Кәмшат Тілеухан 12 нау. 2025 17:05 193

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) "Elim" маркетингтік және әлеуметтік зерттеу институтымен бірлесіп, арнайы сауалнама жүргізді. Ондағы мақсат – ел азаматтарының жинақ ақшаларға және депозиттерге деген көзқарасты және салымдарды қорғау туралы ақпараттан қанықтылығы деңгейін анықтау, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қордың мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі депозиттерінің көлемі 24,5 трлн теңгеге жетті.

"Сауалнама бүкіл еліміз бойынша 4 000 респондент арасында жүргізілді. Нәтижелер көрсеткеніндей, респонденттердің үштен бірі (33%) жинақ ақшаларын банк депозиттерінде сақтайды, көбінесе олар ірі қалалардың тұрғындары: 42,1% – Алматыда, 41,9% – Қарағандыда, және 37,4% – Астанада.  Бұл ретте респонденттердің 85%-ы жинақтарын ұлттық валютада, 12% – АҚШ долларында, ал 2,5% – басқа да шетел валюталарында сақтағанды жөн санайды", делінген хабарламада.

Ақша жинаудағы басты мақсаттар – күтілмеген жағдайлар үшін деп қор жинау (18,4%) және жылжымайтын мүлік сатып алу (17,7%). Салымшылардың үштен бірінің айтуынша (30%), олар депозиттерді ашарда қандай да бір мақсатты көздемеген немесе айналасындағылардың оң тәжірибесіне сүйене отырып ашқан.

"Респонденттер депозитті таңдау барысында пайыздық мөлшерлемеге (46,5%), ақшаны салымнан мерзімінен бұрын емін-еркін шешіп алу мүмкіндігіне (35,3%), банктің беделіне (32%), мобильді қосымшасының қолайлы болуына (23%), сондай-ақ бонустарына, кешбэкке немесе жеңілдікпен кредит беру шарттарына (13%) көңіл бөледі", - дейді қордың баспасөз қызметі.

Жастар арасында ақша жинауға арналған негізгі валюта көзі – теңге – 80,2%, ал теңгемен ақша жинауда ауыл жастары арасындағы респонденттердің үлесі ең жоғары (85,5%). Әрбір төртінші жас салымшы ақшаны оңай шешіп алу және толықтыру мүмкіндігі бар депозиттерді қалайды (28%). Сонымен қатар әрбір үшінші салымшы пайыздық мөлшерлемеге көңіл бөледі (35%), салымшылардың 24%-ы банктің беделіне баға береді.

"30 бен 65 жас аралығындағы жастық топқа келер болсақ, жалпы қалаларда респонденттердің орта есеппен 34%-ының, оның ішінде Астанада – 38%-ының, Алматыда – 41%-ының банктерде депозиттері бар. 30 бен 65 жас аралығындағы ауыл тұрғындары арасында банк салымшыларының алар үлесі 30%-ды құрайды", - дейді қордағылар.

Депозиттері жоқ респонденттердің ішінде 17,7%-ы банк карточкасын пайдаланады. Респонденттердің 13%-ы ақшаларын бизнеске салады және жылжымайтын мүліктер сатып алады. Аздаған бөлігі қор нарығына инвестициялайды, қымбат металдар сатып алады немесе ақшаларын үйде сақтайды. Жаппай сауалнама барысында жауап берушілердің 27,6%-ы жинақ ақшаларының мүлдем жоқтығын айтқан.   

"Респонденттердің 42%-ы салымдарының қорғалғандығын жақсы біледі. Банк банкротқа ұшыраған жағдайда салымшыларға кепілді өтем сомасының берілетіндігі туралы қала тұрғындары, 30-59 жастағы респонденттер және қазақ тілінде сөйлеушілер анағұрлым хабардар".

Банк менеджерлері – респонденттердің 35%-ы үшін – негізгі ақпарат көзі.

"Банк менеджерлерінен алынған ақпараттар депозиттерге кепілдік беру жүйесіне деген сеніммен бірқалыпты үйлеседі. Бұл банк арқылы хабардар болған клиенттердің аталмыш жүйеге деген сенімінің едәуір жоғары екендігін көрсетеді", - дейді "Елім" орталығының зерттеушілері.

Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы басқа танымал ақпарат беру арналары – бұл теледидардағы және онлайн-бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалықтар. Қатысушылардың көпшілігі ресми ақпарат көздеріне сенім білдірді.

Жаппай сауалнама жүргізу көрсеткеніндей, респонденттердің 49%-ы депозиттер бойынша кепілдіктер туралы ақпарат тікелей банктен, оның ішінде менеджерлерден, банктің қосымшаларынан немесе немесе ресми сайтынан алғанды жөн санайды.

Зерттеу аясында сондай-ақ фокус-топтық талқылаулар өткізілді. Қаржылық сауаттылық негіздері – шығындар мен түсімдерді есепке алу деңгейінде фокус-топтарға қатысушылардың басым бөлігі кредиттер бойынша төлемдер секілді ірі шығындарды ғана тіркейді екен, ал күнделікті шығындар ескерусіз қалуы мүмкін. Жаппай сауалнама жүргізу барысындағы респонденттер секілді фокус-топтарға қатысушылар қаржылық «қауіпсіздік көпшігінің» болы өте маңызды екендігін атап өтті. Іс жүзінде олардың көпшілігі күтпеген шығындарға қарамастан, ертеңгі күнге ақша жинайды.

"Қатысушылар қызығушылық танытуда және салымшылардың қаржылық қорғаушысы ретінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сенім білдіреді. Қор елдің қаржылық қауіпсіздігінің маңызды элементі ретінде қабылданады, және тіпті хабардарлығы төмен азаматтар арасында сенімнің жоғары екендігі байқалады. Бұл мемлекеттік институттарға деген сенімді білдіреді", – дейді "Elim"-нің зерттеушілері.

Еске саламыз, егер банк лицениясынан айырылса, салымшы – жеке тұлғалардың өтем алуға деген құқығы заңда қарастырылған. ҚДКБҚ максималды кепілдік сомасы депозиттің түрі мен валютасына тікелей тәуелді:

  • теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 миллион теңгені,
  • теңгедегі жинақ салымдардан басқа карточкалар, шоттар және депозиттер бойынша – 10 миллион теңгені,
  • шетел валютасындағы салымдар, карточкалар және шоттар бойынша – 5 миллион теңгені құрайды.

"Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы әрбір банктегі депозиттерге жеке кепілдік беріледі. Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы көбірек біліңіз: www.kdif.kz, 1460 (қоңырау шалу тегін)", - дейді қордағылар.

Бұған дейін сайтымызда "Теңге түріндегі салымдарға шекті мөлшерлемені белгілеу тоқтатылады. Бұл нені білдіреді" деген мақала жарияланған болатын.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар