Қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ағымсалы Дүзелханұлы Дүзелханов дүниеден озды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаралы хабармен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бөлісіп, Ағымсалы Дүзелханұлының мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты орны толмас қазаға ортақтасып, отбасы мен туған-туыстарына, туған халқына қайғырып көңіл айтады.
"Ағымсалы Дүзелханұлы – бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасымен дараланған бірегей суретші. Ол шығармалары арқылы халқымыздың рухын, замана тынысын айшықтап, ұлттық өнеріміздің көкжиегін кеңейте түсті. Ұрпақ тәрбиесіне де өлшеусіз еңбек сіңіріп, талай жас суретшінің кәсіби жолын айқындауына жол ашты. Өмірден озғанына қарамастан, оның мол мұрасы мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгілік сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын", делінген министрліктің көңіл айту хабарында.
Ағымсалы Дүзелханов 1951 жылы 19 тамызда Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген. 1976 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1982 жылы В.И. Суриков атындағы Мәскеу көркемсурет институтын бітірген. Қолданбалы графика, плакат, кітап безендіру, кескіндеме, портрет жанрлары бойынша еңбек еткен.
Тарихи, фольклорлық тақырыптағы және балаларға арналған 200-ден астам кітапты безендірген. "Алтын сарбаз", "Түркістан", "Ордабасы", "Оғыз хан", "Көроғлы" және т.б. кескіндеме туындыларының, сондай-ақ Абылай хан, Әбілқайыр хан, Қазыбек би, Әйтеке би, Төле би, Қорқыт және т.б. портреттер сериясының авторы.
Суретшінің туындылары Қазақстанның және шет елдердің өнер мұражайларына қойылған.