Қазақстанда 463 829 азамат eGov порталы арқылы құмар ойындарға қатысуға өз еркімен шектеу қойған. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов лудоманиямен күрес шаралары жөніндегі депутаттық сауалға берген жауабында айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкімет басшысының мәліметінше, өзін-өзі шектеу қызметін пайдаланғандардың 224 793-іне қатысты шектеу әлі де күшінде.
Қандай шектеулер енгізілді?
Олжас Бектеновтің айтуынша, Қазақстанда борышкерлерге, мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметкерлерге және күштік құрылымдардың қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға тыйым салынған. Сонымен қатар букмекерлік кеңселердің жарнамасына шектеу қойылып, құмар ойындарды насихаттайтын SMS-хабарламаларды таратуға тыйым енгізілді. Ал ерікті түрде өзін-өзі шектеу мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды.
Заңсыз казиноларға қарсы қандай шаралар қабылданды?
Премьер-министрдің сөзінше, «Кибернадзор» жүйесінің көмегімен Қазақстанда 55 мыңнан астам заңсыз интернет-казино бұғатталған. Сондай-ақ ел бойынша букмекерлік компаниялардың 2 мыңнан астам жарнамалық конструкциясы демонтаждалған. Билік өкілдерінің мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар лудоманияның алдын алуға және құмар ойындарға тәуелділікпен күресуге бағытталған.