Freedom Inside '26

Әлеуметтік желіде алауыздық тудырғандар 20 жылға дейін сотталуы мүмкін

Әлеуметтік желіде алауыздық тудырғандар 20 жылға дейін сотталуы мүмкін
gov.kz

Бас прокуратура азаматтарды әлеуметтік желіде арандатушылық сипаттағы жазбалар мен қоғамда алауыздық тудыратын пікір жарияламауға шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, кейінгі кезде әлеуметтік желіде жұртты бір-біріне қарсы қоюға бағытталған түрлі материал мен пікір жиілеген. Мұндай әрекеттер заңмен қудаланып, қатаң жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес алауыздықты қоздырғаны үшін 2 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сондай-ақ, 2 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Бұдан бөлек, Қазақстанда интернет платформаларда заңға қайшы контент жариялауға және таратуға тыйым салынған. Мұндай әрекеттен қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталмаса, әкімшілік жауапкершілік жүктеліп, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Прокуратура азаматтарға ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруге, қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін материалдарды жарияламауға және таратпауға кеңес берді.

Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқандарға әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Заң талаптары тек жазба авторларына ғана емес, оны әдейі таратқан адамдарға да қолданылады.