Qaznews24 сатиралық Instagram парақшасының авторы Темірлан Еңсебек "ұлтаралық араздықты қоздыру" бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабаралайды Dalanews.kz.
Бүгін Алмалы аудандық сотында айыпталушының ісіне қатысты алдын ала тыңдау өтті. Сотқа Еңсебек онлайн түрде қосылды. Осы тұста адвокат Балғабаева алдағы сот отырысы ашық түрде өтіп, Темірлан Еңсебектің оффлайн түрде қатысуын талап етті.
Қылмыстық іс неден туындады?
Тергеу мәліметінше, құқық қорғау органдарының назарына Qaznews24 парақшасында жарияланған жазба іліккен. Белгілі заңгер Жанар Балғабаева Темірлан Еңсебектің қамалуына "Йоу, орыстар" әні түрткі болғанын алға тартты. Еңсебек бұл әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан. Әнде балағат сөздер бар. Айыптау тарапының пікірінше, бұл орыс ұлтына қарсы арандатушылық сипаттағы элементтерді қамтыған.
Ол 174-бап "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру" бойынша айыпталып отыр. Темірлан Еңсебек 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айыптау актісінен үзінді
"Темірлан Еңсебек өз әрекеттерінің заңға қайшы екенін біле отырып, орыс ұлты өкілдерінің намысын қорлауды мақсат еткен. Ол 34 мыңнан астам жазылушысы бар парақшасында ұлттық алауыздықты қоздыратын материал жариялаған. Ән мәтінінде орыс ұлтына қатысты бейәдеп сөздер кездеседі. Бұл видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, резонанс тудырды", – делінген айыптау актісінде.
Соттағы шешімдер
– Адвокат Жанар Балғабаева сотта Еңсебектің биполярлық бұзылу диагнозы бар екенін мәлімдеді.
– Айыпталушыны үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш қабылданбады.
– Сот келесі отырыстарға Еңсебектің жеке қатысуына рұқсат берді.
Темірлан Еңсебек пен оның қорғаушылары сот процесінің ашық өткенін талап етіп отыр.
Бұған дейінгі жағдай
Бұған дейін Human Rights Watch (HRW) Қазақстан үкіметінен Темірлан Еңсебекке қатысты айыптарды алып, оны түрмеден босатуды талап еткен болатын.
Құқық қорғаушылар бұл қылмыстық қудалауды шектен тыс деп санайды. Олардың айтуынша, блогердің жариялаған жазбаларында зорлық-зомбылыққа немесе кемсітушілікке шақыру болмаған. Ал, Қылмыстық кодекстің 174-бабын («араздықты қоздыру») сөз бостандығын шектеу үшін пайдаланып отыр. Human Rights Watch бұл Еңсебектің бірінші рет қудалануы еместігін еске салды: 2021 жылы оған жалған ақпарат таратты деген айып тағылып, кейін іс жабылған болатын.
"Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ, тек билік тарапынан қылмыстық құқықты асыра пайдалану бар. Қазақстан үкіметі Еңсебекке қатысты негізсіз және шектен тыс қылмыстық "арандатушылық" айыпты тез арада жоюы және оны сотқа дейін қамаудан босатуы қажет", – деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Риттманн.
Human Rights Watch Қазақстан үкіметін сөз бостандығын қорғауға және блогерге қарсы қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырды.
Айыпталушы қашан қамауға алынды?
Еске салайық, QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды. Оған "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағылып отыр. Полиция қылмыстық істің себебі – ұлтаралық араздықты қоздыру және этностардың бірінің өкілдерін қорлау белгілері бар материалды жариялау болған.
Айта кетейік, 2021 жылдың мамырында құқық қорғау органдары Qaznews24 парақшасына қатысты тексеру жүргізген. Ол кезде іс "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қозғалғанымен, қылмыс құрамы анықталмағандықтан, жабылған.