Telegram-да қазақстандықтар туралы деректер тарай бастаған

Көркем Алдабергенова 06 мам. 2025 15:02 475

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Telegram мессенджерінде Қазақстан азаматтарының жеке деректерін еш қиындықсыз жариялайтын боттың пайда болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл бот мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған ЖСН, мекенжай, байланыс нөмірі және отбасы мүшелері туралы толық мәліметті кез келген адамға таратып отыр.

Депутат бұл жағдайды азаматтардың құқығын бұзумен қатар, ұлттық мүддені сату деп бағалайды. Оның пікірінше, цифрландыру үдерісін бизнес мүддесіне сай бейберекет жүргізіп жатқан шенеуніктер — қоғамға қауіп төндіруде. Әбенов бұл бот Telegram желісінде пайда болғанын, оны Павел Дуров басқаратын платформада таратып жатқанын және жоба Ресейден басқарылып отырғанын жоққа шығармайды. Себебі ондағы деректер арасында ресейлік азаматтарға қатысты мәліметтер де кездеседі.

Мәжілісменнің айтуынша, бұл жүйеден қазіргі және бұрынғы цифрлық даму министрлері — Бағдат Мусин мен Жаслан Мадиевтің де жеке ақпараты табылған. Олардың eGov-та тіркелген нөмірлері мен отбасына қатысты деректер бот базасынан шыққан. Егер деректердің рас-өтірігін тексергісі келсе, министрлер өздері ботты жүктеп, жеке мәліметтерін қарап көрсін деп кеңес берді.

Әбенов бұл дерекқорда азаматтардың ЖСН-і, қазіргі және бұрынғы мекенжайлары (тіпті 15-20 жыл бұрынғысы да), тіркелген көліктері мен балаларының телефон нөмірлері сынды ақпараттың ашық тұрғанын айтты. Таныстары бұл мәліметтерді тексеріп, бәрінің дәл келгенін растаған. Егер министрлердің өзі қорғалмаған болса, қарапайым азаматтардың мәліметтерінің қолды болып жатқанын елестету де қорқынышты, дейді депутат.

Ол бұл деректердің соңғы жаңартылуы 2024 жылдың желтоқсанында болғанын атап өтті. Бұл – деректерге әлі де қолжетімділік барын және оларды сыртқа сатып отырған сатқындар министрлік ішінде жүргенін білдіреді деп санайды. Мұндай базалар арқылы алаяқтар азаматтарға хабарласып, туыстарын қорқытады, мекенжайларын анықтап, оларды аңдуға мүмкіндік алады. Осылайша, мәлімет таратушылар қылмысқа тікелей қатысы бар тұлғаларға айналып отыр.

Әбенов Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға жүгініп, бұл мәселеге шұғыл түрде шара қолдануды талап етті. Telegram-дағы боттың нақты сілтемесін жария етпегенімен, қажет болған жағдайда оны мемлекеттік органдарға ұсынуға дайын екенін жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар