Ішкі істер министрлігі алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, алаяқтар азаматтармен Telegram мессенджері арқылы байланысып, өздерін мемлекеттік органдардың, компаниялар мен ұйымдардың басшылары ретінде таныстырады. Бұл ретте олар шынайы басшылардың суретін, дерегін пайдаланады.
Директордың, басшының немесе басқа да лауазымды тұлғаның атынан қаскөйлер қызметкерлерге шұғыл түрде көрсетілген есепшотқа ақша аударуды, қызмет ақысын төлеуді, қандай да бір тауар үшін қаражат жіберуді немесе өзге де қаржы операцияларын орындауды талап ететін хабарламалар жібереді. Көбіне мұндай хабарламаларды бухгалтерлер, қаржы қызметкерлері және ұйымның қаражатына қолжетімділігі бар тұлғалар алуы мүмкін.
Осындай хабарлама алсаңыз:
- ақша аудармаңыз және қаржы операцияларын орындамаңыз;
- міндетті түрде басшымен телефон арқылы немесе жеке байланысыңыз;
- телефон нөмірін, хабарламаны жіберушінің аккаунтын және хабарлама мазмұнын мұқият тексеріңіз;
- күмән туындаған жағдайда хат алмасуды тоқтатып, болған жағдай туралы басшылыққа және жауапты қызметкерлерге хабарлаңыз.