Түркістан облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 1) тармағы (алаяқтық) және 262-бабының 1, 2-бөліктері (ұйымдасқан топты құру және оған қатысу) бойынша жүргізілді.
Тергеп-тексеру барысында 2024–2025 жылдар аралығында шетел азаматы Қазақстан аумағында әрекет етіп, интернет пен телефон байланысы арқылы алаяқтық жасаған ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және басқарғаны анықталды. Қылмыстық топтың әрекеттері салдарынан 21 жәбірленушіге 125 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
Алаяқтар мобильді байланыс құралдарын пайдаланып, телефон қоңыраулары арқылы өздерін пошта ұйымдары мен байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар азаматтарды алдап, олардың атына несие рәсімдеп, алынған ақшалай қаражатты иемденген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жәбірленушілерге 20 миллион теңге қайтарылды. Сондай-ақ күдіктілерге тиесілі үш автокөлік құралына тыйым салынды. Қалған залал сомасы сот тәртібімен мәжбүрлеп өндірілетін болады.
Аталған іс бойынша 20 күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Тағы екі күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды.
Қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды.
