Қазір қаламызға қарасты 50-ден астам шаруа қожалығы өздеріне тиесілі егіс алқаптарын толығымен жыртып, тұқым егу жұмыстарын пысықтауда. Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Жылқыбаевтың айтуынша, биыл 669 гектар жерді игеру жоспарланған. Оның ішінде, бидай – 200, арпа – 36, соя – 31, қант қызылшасы –15, картоп – 267, көкөніс – 115, жем-шөп дақылдары 5 гектар жерді құрайды. Егілетін тұқымның барлығы – «ҚазАгроЭкс» зертханасында толықтай зерттеуден өткен, сапасы мен өнімділігі жоғары сұрыптар. Тұқымның жерге уақытында сіңірілуі үшін қажетті жанар-жағармай көлемі анықталып, 5 тонна дизель отыны дихандарға жеңілдетілген бағамен беріледі.
Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 472,2 млн.теңге болып, өткен жылғы қаңтар-наурызға қарағанда 101,5 пайызды құрады. Бұл текелілік шаруалардың эпидемиологиялық жағдай тұсында еңсерген еңбегінің нақты нәтижесі. Қауіпті індеттің беті әлі қайтқан жоқ. Осындай күрделі жағдайда халықты азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл тұрғыда текелілік шаруа қожалықтарының да қосар үлесі бар. Жергілікті дихандар өсірген картоп, сәбіз, қырыққабат, сондай-ақ, бал өнімдері қала базарларында, азық-түлік дүкендерінде сатылады. Өткен жылы күз бен қыста Нұр-Сұлтан, Алматы және Талдықорған қалаларында ұйымдастырылған жәрмеңкелерге де біздің ша-руалардың сапасы сенімді, бағасы лайықты жергілікті өнімдерді мол сұранысқа ие болды.
Мұның барлығы – көктемгі егіс жұмыстарынан басталып, қара күзге дейін жалғасатын тынымсыз еңбектің жемісі.
Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ұлжан Ұлдаханқызы