Қоғам қайраткері, Transparency International халықаралық ұйымының мүшесі Әсел Темірова мемлекеттік сатып алулардағы күмәнді келісімшарт жайлы ақпаратты бөлісті. Оның айтуынша, әділетсіздікке бей-жай қарай алмаған мемлекеттік қызметкер оған Алматы әкімдігі мен “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасындағы 2,26 млрд теңгелік келісімшарт туралы мәліметтерді берген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Темірованың мәліметінше, мемлекеттік сатып алу келісімі кәсіпкерлік саласындағы бизнес-процестерді автоматтандыру және басқару бойынша консультациялық қызметтерді алу үшін жасалған.
"Біздің бюджет қаражатымыз бен мемлекеттік сатып алуларда не болып жатыр? Алматы әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы, сіздерден 2 млрд 264 млн теңге халық қаражатының нақты қайда жұмсалғанын түсіндіруді сұраймын! Қандай оқыту бағдарламалары өткізілді және алдағы уақытта қандай курстар жоспарланған?" деп жазды Әсел Темірова Facebook-тегі парақшасында.
Ол сондай-ақ “Атамекен” ҰКП төрағасы Райымбек Баталовқа тікелей сұрақ қойып, бюджет қаражатының нақты қандай мақсаттарға жұмсалғанын ашық түсіндіруді талап етті.
"Сіздерден бұл қаржының қалай жұмсалғанын ашық және жария түрде түсіндіруді сұраймын, өйткені бұл ақша халыққа тиесілі! Қандай кәсіпкерлер оқудан өтті? Бұл курстарды кім өткізді? Автоматтандыру мен басқару бойынша кеңес беру қызметтері неліктен мұнша қымбатқа түсті?", деп сұрады қоғам белсендісі.
Темірова мұндай оқыту бағдарламаларын тегін де табуға болатынын атап өтті.
"Егер кәсіпкерлер палатасының оқыту бағдарламаларына қаржы жетпей жатса, маған хабарлассын. Мен оларға толықтай тегін білім беру бағдарламаларын табуға көмектесемін", деп түйіндеді ол.
Әсел Темірова көтерген бұл мәселе қоғамда үлкен талқыға түсті. Алматы әкімдігі мен “Атамекен” ҰКП бұл сұрақтарға нақты жауап бере ме – оны уақыт көрсетеді.