Қазақстан мен Грузия ІІМ келіссөзінен кейін Тбилисиде халықаралық іздеуде жүрген күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Олардың арасында синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырды деген күдікке ілінген ерлі-зайыпты да бар.
Жақында Қазақстан ІІМ басшысы Ержан Сәденов жұмыс сапарымен Тбилисиге барып, Грузияның ішкі істер министрі Сулхан Тамазашвилимен кездесу өткізген. Сондай-ақ, ол Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің қабылдауында болған.
Келіссөз нәтижесінде 2026 жылғы наурыздан бері Грузия аумағында Қазақстанның құқық қорғау органдары іздеген 15 адам ұсталғаны белгілі болды.
ІІМ мәліметінше, Тбилисиде мефедрон өндірісін ұйымдастырды деген күдікпен Қазақстан азаматы қолға түскен. Тергеу дерегіне сәйкес ол 2023 жылғы қазаннан 2024 жылғы ақпанға дейін сыбайластарымен бірге Алматы облысында арнайы жабдықталған зертханада синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырып, химик қызметін атқарған.
Сонымен қатар, оның халықаралық іздеуде жүрген жұбайы да ұсталды. Тергеу барысында әйел Алматы және Қарағанды облыстарындағы синтетикалық есірткі өндірісіне қатысты қылмыстық әрекетті қаржыландырғаны анықталған.
Қазір күдіктілерді Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.