Алайда, ұлт жанашыры Ботагөз Исаеваның (төменде суретте) айтуынша, Тайчибековтің жазадан жеңіл құтылып кетуі ғажап емес. Себебін, төмендегі сұхбатпен танысып шыққанда білесіз.
– Осы Тайчибековті елге танытқан кім? Аяқасты қайдан пайда болды?
– Оны елге танытқан Ермек Нарымбаев. 2013 жылдың аяғы еді. Ол кездері Нарымбаевтың аты дүркіреп тұрған. Себебін білесіздер. Аудиториясы да ауқымды-тұғын.
Тайчибеков әлеуметтік желіде өмір сүретін адам. Бәріне достыққа сұранатын. Көпшілігіміз оны «банға» жіберетінбіз. Бірақ, Нарымбаев өйткен жоқ. Оның достығын қабылдады. Мұнымен қоймай «Тайчикпен» сұхбат өткізіп, видеоларын тарата бастады. Бәрі осылай басталған.
Соңғы екі жыл бойына Тайчибековтың әр жазбасын түртіп, сақтап алып, құқық қорғау органдарына жіберіп отырдым. Арыз-шағым жөнелттім. Жалғыз мен емес, оның астына 500-ден аса адамның қолы қойылған.
– Оның күш алған тұсы қай кез?
– Украинадағы оқиғалар басталған тұста қатты «құтырды». «Қазақстаннан қол жинап, Украинаға тартайық» деген үндеу жасады. Мұны да назарыма алып, Жамбыл облыстық прокуратурасына жібергенмін. Прокурордың орынбасары жауап жіберіпті. 90 пайызы «Тайчиктің» түсініктемесінен жасалған екен!
Ермек: «Менің парақшамды әлдекімдер бұзды. Жалпы, мен әлемге танымал адаммын, ғалыммын, мені көре алмайтындар көп» депті. Прокуратура соған сенген сияқты...
Екінші жолы: «Қазақстан Ресейдің губерниясына айналуы керек» деді. Мұны да жауапсыз қалдырған жоқпыз. Тиісті орындарға арыз жібердім.
Үшінші жолы: Бұл Тайчибековтен асып түспесе кем соқпайтын Татьяна Шевцова-Валованың соты болған тұс. ТШВ-ның сотынан кейін Тайчибеков: «Қазақстанда славян ұлттарын, оның ішінде орыстарды қысымға алуда. Шевцова осы қысымға қарсы шыққан батыр. Сендер, орыстар Путиннен көмек күтпеңдер, өз құқықтарың үшін өздерің күресіңдер!» деп жазды. Бұл жолы да үнсіз қалған жоқпын.
Төртінші жолы, тіпті, қатты кетті. «...37 жылы атам НКВД-да істеген, Кеңес одағына қарсы шыққан қазақтарды қырған. 2016 жылы бұл науқанның екінші кезегін жүзеге асыратын боламыз» деді. Тиісті жерге тағы да арыз жолдадық. Бірақ жауап ретінде бізге «отписка» жібере салатын.
Қорқыныштысы, бұл істен Кремль хабардар. Тергеу ісіне осындағы Ресей елшілігі қысым жасап жатыр. Ал Тайчибековке жақтасып отырғандар Ресей елшілігімен тығыз жұмыс істейді.
– Осы уақытқа дейін құқық қорғау органдары, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері тыныш жатты. Тайчибековке тиіскен жоқ. Анығырақ айтсақ, сіздер жазған бірде-бір арызға жарытымды жауап қатпады. Оны аяқасты тергеуге алуға не себеп болды сонда?
– Биылғы жылдың ақпан айында сіздердің, «Қала мен Дала» газетінде және газеттің сайтында («Dalanews.kz») Тайчибековке қатысты Әзірбайжан саясаттанушысы Заур Расулзаденің мақаласы жарияланған. Бір қызығы, дәл осы мақала жоғарыға жетіпті. Өте жоғарыға... Сол жоғары жақта «бұл мәселенің анық-қанығын біліңдер!» деп бұйырған екен.
Міне, содан кейін Тараздағы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің мамандары Тайчибековтің жазған, сызған дүниелерін тексере бастады.
Кейін Жамбылдан «Тайчибековке қылмыстық іс қозғадық» деген хабар келді. Сөйтсек, оның жазбаларынан ұлтараздықты қоздыратын дүниелер тауыпты.
– Сонда бұған дейін мұның бәрін көрмей, білмей келген бе?
– Соған өзім де таңғаламын. Осылайша тергеу басталды. Бастапқыда Ермек куәгер ретінде жүрді. Сонда да арандатуын қойған жоқ. Қырымға барып келді. Неге, білесіз бе? Себебі, маған ешкім ештеңе жасай алмайды деген сенімде болды.
– Сіз жауап алу кезінде Тайчибековпен көзбе-көз кездестіңіз....
– Сол кезде қызық болды. Тергеуші: «Сіздің кінәлі екеніңіз дәлелденді, куәгерден күдіктіге ауыстыңыз, енді Тараздан аттап басуға болмайды» дегенде, Тайчибеков талып қалды. Бір кезде басын еденге ұра бастады... Мен шошып кеттім. Жедел жәрдем шақырып, оны сол жерден алып кетті.
– Аяқастынан талып қалғанына, еденге басын ұрғанына қарағанда бір шалығы бар ма, қалай?
– Шынымен де оны Алматыдағы «жындыханаға» бекер алып келген жоқ. Оған нақты себеп болды. Бірақ, оны шығарып жібергеніне қарағанда Тайчибеков өтірік істеген сияқты. Себебі, сол жолғы жүзінен білем, қатты шошып кетті. Бұлай болады деп ойлаған жоқ.
Әрі өзі қызмінезді бәле екен... Бірден байқадым. Солай бола тұра, өте қу адам. Таразға жүрер алдында, заңгерлер: «Тайчибеков бұл мәселені екі адамның арасындағы араздық ретінде көрсетуі мүмкін. Сондықтан оның жеке басында еш шаруаңыз жоқтығын, тек азаматтық позиция тұрғысынан келгеніңізді көрсетіңіз» деген. Шынымен де, жауап алуға кірмей тұрып, ауланың алдында кездескенде Ермек іші-бауырыма кіре бастады. Мен де қалысқам жоқ. Тіпті, бірігіп суретке түсіп алдық. Бүйтпесе болмады, мен сол арада ашуға мінсем, Тайчибеков мұны басқа қырынан көрсетуге тырысар еді.
– Бір қызығы, Ермек «жындыханада» жатқанда оның қолдаушылары шыға бастады. Бұл қалай?
– Бірінші кезекте бұл ресейшіл, орысшыл журналистер. Аттарын да атайын. Андрей Щербаков. Анастасия Ахметова. Міне, бұлар «Тайчибековті еркінен тыс «жындыханаға» тықты» деп хабарлады. Қазір бұл екеуі Тайчибековтен «құқығы тапталған орыстардың мүддесін қорғаушы» деген күрескердің образын жасап жатыр. Ең қорқыныштысы осы.
«Репортаж из психушки» деген мақалада Щербаков «қазақ билігі өзгеше ойлайтын адамды жындыханаға жапты. Ол болса бар болғаны орыстың құқығын қорғауда» деп жазды.
Бұл екеуіне жеке-жеке тоқталайын.
[caption id="attachment_11734" align="alignleft" width="187"] Щербаков [/caption]
Андрей Щербаков – «Мир без нацизма» деген ұйымның Қазақстандағы филиалын басқарады. Ұйым 2010 жылы Киевте құрылған. Бұл «Украина мен Қазақстан Кеден одағына өтеді» деген тұс. Атауы айтып тұр, олар фашистерді іздейді. Бұл ұйым Украинада фашистерді, өздерінше айтқанда «бендеровшыларды» тапқан ұйым болып есептеледі екен.
– Щербаков біз жақта не істеп жүр? Қазақстанда қандай фашистерді іздеуде?
– Оның Фейсбуктегі парақшасын оқысаңыз былай дейді. «Қазақстанда да фашистер бар. Олар «нацпаттар». Ол үшін бірінші орында тұрған «фашист» – Мұхтар Тайжан. Екінші орында – мен.
Щербаков «жындыханаға» барып Тайчибековпен тілдеседі. Оның «сізді мұнда не себепті алып келді?» деген сауалына, Ермек: «Менің жазығым орыс тілін мемлекеттік тіл етуді, орыстардың құқығын таптамауды өтінгенім, өйткені билікте орыстар өте аз» дейді. Щербаков Ермектен күрескер жасап шығармақ. Ол туралы тіпті Путинге петиция жазды. Қол қойғандардың арасында қазақтар да бар.
– Анастасия Ахметова жылдың басында Жириновскиймен сұхбат өткізіп, оны судан ақ, сүттен таза етіп көрсеткен журналист емес пе?
[caption id="attachment_11733" align="alignleft" width="497"] Ермек Тайчибеков және Анастасия Ахметова [/caption]
– Иә, оның «Zonakz.net» сайтында өз видеоблогы бар. «Сәбеттік» әскери киімде, автомат асынып шығады. Оның бұлай киінуі тегін емес. Щербаков та осылай киініп алған. Олар осы арқылы «біз фашизммен күресіп жатырмыз» дейді.
– Сонда фашистері кім?
– Біз. Ол өзі де осылай айтқан. «Біз соғыста жүрміз» дейді. «Қандай соғыс?» десең, «фашистермен соғысудамыз» дейді.
9 мамырда бұл екеуі дүниені төңкере жаздады. «Ұлтшылдар елдің кеудесіндегі георги лентасын жұлып алып, жерге лақтырып жатыр» деп жазды. Негізінде мұндай дүние атымен болған жоқ.
Ахметова соңғы рет Собянин дегеннен сұхбат алды. Ол кім? Ол – Шекаралық аймақтар қауымдастығының төрағасы. Тікелей Путинге бағынышты. Сол Собянин былай дейді: «Ақорда ұлтшылдарға қолдау көрсетпек болғанда, Кремль бұған қатаң тыйым салды. Міне, сол кезде әкімшілік (қай әкімшілікті айтып отырғаны белгісіз) «нацпаттарды» баспасөз бетіне шығаруға тыйым салды. Содан бері олар көрінбейді, олар туралы ештеңе естілмейді де».
Бұл екеуі (Щербаков, Ахметова. авт.) еуразияшылдықты құптайды. Нұрлан Әмреқұлов деген қазақ бар қастарында. «Еуразиялық саяси одақ құрылуы керек» дейді олар.
Қазір олар өте әккі әдіске көшкен. Соңғы кездері «Гумилев айтқан Еуразиялық идеяның негізінде Ресей Қазақстанға қосылуы керек. Осылайша бір кезгі ұлы Алтын Орданың шекарасын қайта қалыптастырамыз» деп жатыр. Күлкілі бір жағынан. Енді олар өздерін «еуразияшыл» емес, «ординцы», ордалықтармыз, Шыңғысханның ұрпағымыз» деп соғып жатыр.
– Тиісінше, мұның бәрін Тайчибеков көріп-біліп отыр. Солай ғой?
– Әрине. Қазір оған қайта тіл біткен. «Қолдаушыларым қандай көп, сіздерге рахмет!» деп жазыпты өткенде. Оның алдында ғана тергеушінің алдында қалтырап, талып қалған Тәйшібеков жоқ.
«Жындыханадан» шыға сала ол Жаңаресей телеарнасына сұхбат беріпті. Яғни, сепаратистерге сұхбат берген. Онымен тілдескен сепаратист-журналист мәз. «Біз мұндағы украиндардың, фашистердің тас-талқанын шығардық. Сен де қорықпа. Күрес!» депті Ермекке. Міне, көрдіңіз бе?
– Тайчибековке қандай айып тағылып отыр?
– Оған Қылмыстық кодекстің 174 бабы, 2-ші тармағы бойынша «ұлтараздықты қоздырды» деген айып тағуда. Бұл дұрыс емес. Бізде «Конституциялық құрылымға қастандық» деген баб бар, білуімше. Ата заңда қалай жазылған? «Қазақстан шекарасы заңды.Оны өзгертуге ешкімнің құқы жоқ» дейді. Тайчибеков не деп отыр? «Қазақстан Ресейге қосылуы керек», «Қазақта мемлекет болмаған» дегенде, ол елдің шекарасын бұзайық дегенді ашық айтып отырған жоқ па?
– Сіздіңше Тайчибековке қатысты соттың шешімі қандай болады? Кейбіреулер оның жазадан құтылып кетуі әбден мүмкін деп жатыр...
– Мүмкін. Оны қолдап жазған петицияны оқысаңыз шошисыз. «Сіз құқығы тапталып жатқан орыс халқы үшін күресудесіз» делінген. Ертең соттың алдында «Путин бізді қорға, Қазақстанға әскер кіргіз!» деп плакат ұстаған бір топ адам шықса оны ресейлік арналар, ресейшіл КТК мен «Еуразия» бірден қағып әкетеді. Арты үлкен дауға айналуы да ғажап емес. Мұндай жағдайда біздің билік ығып қалмай ма? Мәселе осында.
Қорқыныштысы, бұл істен Кремль хабардар. Тергеу ісіне осындағы Ресей елшілігі қысым жасап жатыр. Ал Тайчибековке жақтасып отырғандар Ресей елшілігімен тығыз жұмыс істейді.
Мынаны түсіну керек, бұл әншейін Тайчибеков пен Исаеваның арасындағы араздық емес. Бұл ресейшіл журналистерге, Кремльдің қауіпті идеологиясына қарсы күрес.
Әңгімелескен, Думан БЫҚАЙ