Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыстан азаматтарымызды қайтару жұмыстарын жалғастырып келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компанияларының жалпы саны 12 әуе рейсі арқылы 3300-ден астам қазақстандық елге оралды.
Әуе рейстерімен қатар, азаматтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылуда. Ирандағы дипломаттар 6 наурызда «Заркух» компаниясында жұмыс істейтін 7 қазақстандық азаматты иран-армян шекарасына жеткізуді жоспарлауда. Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломаттар Иран аумағында қалған «Заркух» компаниясының 34 қызметкерінің елден шығуын ұйымдастырып, олар автобуспен иран-армян шекарасын өтті. Жалпы Ираннан бүгінге дейін 52 Қазақстан азаматы елге қайтарылды.
Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуация толық аяқталғанға дейін жергілікті жерде үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, шиеленіс аймағындағы отандастарымызбен тұрақты байланыста болады.
