Таудың биіктігі түбінде тұрсаң білінбейді

Dalanews 19 шіл. 2023 07:28 908

Сол жылы қыс ерекше болды. Жылымық тартып, адамға жайлылық туындатып тұрған. Шартарапты алған соғыстан да жағымды жаңалықтар лек-легімен келіп жатқан болатын. Жеңіс деген сөз естілген сайын адам жаныда жадырай түседі екен. Сондай қуанышты хабардың артынан тағы бір қуанышты, сүйінші жаңалық Алматы облысы Жетісу совхозына қарасты Қаскелең жұртын шарлап кетті. Дүниеге шекесі торсықтай ұл келді. Қалайша қуанбайсың! Содан ел-жұрт жиналып, баланың атын Артуш қойды.

Бала кезден зерек болып өсті. Айналасына жаны ашып, мүмкіндігі келсе көмегін аяған емес. Содан Артуш ер  жетіп елдің жүгін артатын мамандық иесі атану үшін Мәскеуге қарай бет түзеді. Ойлаған Мәскеудегі Бүкілодақтық тамақ өнеркәсібі институтына оқуға түсті. Мұнда да өз алғырлығымен көпшіліктің көзіне түсті. Жан-жағындағыларды ұйыстырып, соны идеялар айтып, жастарды топтап үлгерді. Қоғамдағы кез келген жағдайға бей-жай қарамай, керісінше мәселенің шемі тбылғанша көпшілітің ортасында жүретін. Араға төрт жыл салып, аталмыш оқу орнын тәмамдап, инженер-механик мамандығын алып шықты.

Елге оралып, алғашында құрылыс саласында бақ сынап көрді. Жұмыстың үлкен-кішісі болмайды демекші бұл саланы да ұршықша иіріп алды. Сыры көп саланы меңгеріп, енді жетістіктерін көрсете бастады. Алайда басшылық оның алғырлығын байқап қызметін жоғырылатты.

1970 жылы Лининогорск сыра зауытының басшысы болып тағайындалды. Мұнда істі өрге дөңгелетті. Зауыттың тұралап қалған цехтарын іске қосты. Жұмысты жүйеге қойды.

Содан Сарыағаш сыра зауытының директоры болып ауысты. Мұнда да жұмыстың тігісін келтіріп, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарта білді.

Мұнан кейін Арменияға барып, Абовян сыра зауытының тізгінін қолға алды. Екі жылдан кейін Шымкент сыра зауытының басшылық қызметіне келді. Бұл саланың қыр-сырын жетік меңгерген маман болғандықтан жоғары басшылық Қазақ КСР Тамақ өнеркәсібі министрлігі Главпивопром басқармасының бастығы қызметіне көтерді. Алға үлкен мақсат қойылды.


Отандық өнім сапасын арттырып, брендтер қалыптастыру болатын. Үдеден шығып, тапсырмаларды орындап шықты. Онан кейін Қазақ КСР Главплодовоща мемлекеттік кәсіпорны бастығының орынбасарлығы қызметінде отырып, талай азаматтарға қол созып, берген көмегін көпшілік әлі күнге жыры қылып айтып отырады.

Тәуелсіздік алған жылдары «Сусындар» Алматы өндірістік бірлестігінің бас директоры болып қызмет атқарды. Ол кезде де бұл саланы мықты маман ретінде өте жоғары деңгейде ұстауға тырысты.

Әрине, елде барлық саланың шашауы шығып, мамандарға айлық таппай абдырап жатқан кез еді. Тек, білгір басшы Артуш Мурепұлы ғана сан соқпады. Күні-түні тірлік етті. Тапқан табысты баршаға ортақ бөліп беріп, қол астындағы жұмысшылардың жағдайына қарайласты. Жұмыс жүруі үшін алдымен оның жағдайы жақсы болуы керек екенін қызмет бастаған кезде-ақ түсінген болатын. Сондықтан жұмысшылардың жағдайы білікті басшының назарынан бір минутқа да қалған емес.

Ал «Бахус» АҚ басқарған жылы зауыттың бәсі биік болды. Мұнда адамдар жұмысқа кіруге ұмтылатын. Өйткені, мұнда жұмысшыларға ерекше жағдай жасалатын. Сондықтан бұл мекеме жұмысшылары үлкен қызметкерлермен иық тіресетін еді. Міне, көпшілік ортада өздерін биік ұстауға осы Артуш Мурепұлы қызмет сатыларындағы жинаған мол тәжірибиесі десек артық айтқандық емес. Мұнда да қарап отырмай, танымал брендтерді қалыптастырды.

Ол ұлтаралық келісімді, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен өзара түсіністікті сақтау жөніндегі мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыруға үлкен үлес қосуда. Этномәдени бірлестіктер жетекшілерінің диалогын қамтамасыз етеді. А. Карапетян 2023 жылдың 24 мамырынан бастап «Наири» Қазақстан Республикасы армян мәдени орталықтары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің құрметті төрағасы болып табылады және аймақтардағы армян этно-мәдени бірлестіктерінің қызметін басқаруды және үйлестіруді жалғастыруда. Балаларға қазақ және армян тілдерін үйренетін аймақтарда жексенбілік мектептерді ашудың бастамашысы.

Артуш Карапетян Қазақстанның оңтүстігіндегі жүзімдіктерді сақтап қала алды - «NUR» ЖШС, «Winnac Elite» БК ЖШС-нің жүзім өсіруден, оларды зауытта өңдеуден және өнімді сатудан толық циклмен табиғи және жоғары сапалы бірегей өндірісін құрды. Отанымызды көркейту және өркендету мақсатында Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен қамтамасыз ететін және мемлекеттік бюджетті толықтыратын фирмалық дүкендер желісін құрды.


Еткен еңбекті бұлдамай, керісінше әр істің соңына жеткен сайын мықты мақсат қоя білу керек. Міне, бұл тұрғыдан айтқанда Артуш Мурепұлы өзіне жоғары талап қоятын арда азамат.

Әлі күнге дейін соғыс және еңбек ардагерлеріне, аз қамтылған отбасыларға, онкологиялық ауруларға шалдыққандар мен жалғызілікті қарттарға материалдық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, жетім балалар мен аз қамтылған отбасы балаларының жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеп беріп отырады.

Артуш Карапетян жақсы істерімен көпшілікке үлгі болып келеді. Таудың биіктігі түбінде тұрсаң білінбейді. Сол секілді жанымызда жүрген жайсаң азаматтардың жақсылығын көп бағалай бермейміз. Ендеше жаныңда жүрген жақсы адамның бағаланғаны біз үшін бір мәртебе!

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар