Кім жауапты?
Осы бір жағдайдың жылда қайталанануын қалай түсінуге болады? Мұндай пұшайман күйге қалай түстік? Қателіктен қашан сабақ аламыз? Сұрақ көп – жауап жоқ.
Кеңес заманында салынып, тартылған – су қоймалары мен арық-каналдардың бәрі тозып, еріген қардың суы ауылды бетке алып, жөнеп беретін болды. Су қоймаларында жиналуға тиіс қар суы қазір ауылдың ішін көктей өтіп, айдалаға ағып жатыр.
Жалпы көктем болса, ауыл-аймақты қызыл су басуына кім жауапты? Былайғы қарапайым жұрт облыс әкімдерін айыптайтынын білеміз. Тағы да кім?
Айтапақшы, ауыл тұрғындары әкімге ренішін айтқанда төтенше жағдайлар қызметінің де жұмысына да көңілі толмайтынын айтып қалатыны бар.
Иә, жергілікті жердегі өңір басшыларын су тасқыны үшін ешкім жауапкершіліктен босатпайтыны анық. Сондықтан көп жағдайда таяқтың ұшы әкімдіктерге тиіп жатады.
Біздіңше, әкімнен басқа Ауылшаруашылығы министрлігі жанындағы Су ресурстары комитеті де бұл іске жауапты болуы тиіс. Астананың төрінде министрліктің ішінде отыратын бұл комитетті кім басқаратынын, оның немен айналысып жатқанын былайғы жұрт білмейді.
Сондықтан Су ресурстары комитетінің төрғасы Ислам Әбішевті былайғы жұрт жыға танымайды. Таныса да кезінде өзі жұмыс істеп кеткен оңтүстік пен шығыстың халқы тануы мүмкін.
Иә, Ислам ағамыз қар суындай көктемде көзге түседі де, одан кейін халықтың назарынан ізім-ғайым жоғалады.
Ислам Әбішевтың Су ресурстары комитетін екінші рет басқарып отырған басшы. Ол 2012 жылы комитетті бір тізгіндесе, 2014 жылы марқұм Нұрлан Қаппаров Қоршаған ортаны қорғау және экология министрі болып тұрғанда өзі басқаратын министрлік құрамындағы Су ресурстары комитеті төрағалығына Ислам Әбішевті бекіткені есімізде. Содан бері біраз жыл өтті. Су ресурстары комитеті Ауылшаруашылығы министрлігінің құрамына өткенін білеміз.
Комитет министрлікке айналсын
Комитет төрағасына қай өңірді су басып жатқанын айтып, қосымша ақпарат беруді артық санаймыз. Өйткені, Әбішев мырза біз айтпасақ та, қай аймақта қызыл судың қауіпі зорайып тұрғанын жақсы біледі.
Бүгінде еліміздегі су қоймалары республикалық, жергілікті коммуналдық меншіктің және жекенің қолында.
Біздіңше, көктем шыға су басу қаупінен толықтай құтылу үшін Ауылшаруашылығы министрлігінің құрамындағы Су ресурстар комитетін жеке министрлік, болмаса, агенттік ретінде қайта құру қажет.
Әйтпесе, ауылшаруашылығының мың сан жұмысынан министрліктің еліміздің су шаруашылығын реттеуге мүмкіншілігі бола бермейді. Қонаевтың заманында еліміздің Су шаруашылығы министрлігін басқарған Әбубәкір Тыныбаев елімізде каналдар қазып, көптеген су қоймалары салды. Сол кезде ауыл-аймақты су басқанын көрмек түгілі, естімеуші едік.
Мұны Ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеев мырза түсінеді деп ойлаймыз. Қазіргі таңда Ауылшаруашылығы министрлігінің жүктемесі өте көп. Бүгінде бұл министрлік ауылшаруашылығы еңбеккерлерін қаржыландыратын бірнеше қорларды, еліміздегі ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орындарды бауырына басып отыр.
Тіпті кездінде ауыл халқын ауыз сумен қамтитын «Ақ бұлақ» бағдарламасын іске асыруды осы министрліктің қарауына болды. Нәтижесінде ауыз сумен қамту ісі көптеген сындар айтылғанын білеміз. Сондықтан еліміздің су ресурсына қатысты маңызды салалардың басын жинақтап, жеке құру қажет. Бұған Өмірзақ Естайұлы қарсы болмасы анық.
Тоғандар қараусыз қалды
Қазіргі таңда жекенің қолындағы су қоймаларының жай-күйін Су ресурстары комитеті қадағалайтынын білеміз. Жалпы еліміздегі гидротехникалық нысандардың жұмысын бақылау ісі «Қызылағаш оқиғасынан» кейін күшейе түсті. Оған дейін ұзан арқан, кең тұсауға салынып жүргеніміз жасырын емес.
Гидротехникалық нысандардың ішінде су қоймаларынан балық аулап, шаруаларға суды пұлдап, демалыс нысандарын салып, пайда табуға болады. Ал каналдар мен арық жүйелеріне қатысты бұлай деп айта алмайсың. Сондықтан каналдар, тоғандарды және жер асты суларын реттейтін нысандарды ешкім жекешелендіріп алуға ықылас танытқан жоқ.
Тоқырау жылдары гидротехникалық нысандарды күтіп, баптап ұстайтын мемлекеттің де қаржысы да болмады.
Соның салдарынан каналдар мен тоғандарды құм басты. Енді қыс бойы жауған қар еріп, баяғы канал, арықтар болмаған соң, елдімекендерге жыл сайын қауіп төндіріп жүргенін көріп жүрміз.
Уақытша жұмыс – мәселені шешпейді
Бұдан қалай құтылуға болады? Су ресурстары комитетінің құзыретін кеңейтіп, жеке министрлік етіп құрып, оның бюджетін қалыптастыру көктемгі су тасқынан құтылудың бірден-бір жолы.
Бүгінде Су ресурастары комитетінің аймақтарда өзіне бағынышты аумақтық органдары бар. Сондықтан комитетті дербес орган ретінде қайта жасақтағанда құрылымдық бөлімшелерін қайта құрып, әбігерге түспейді.
Қазіргі таңда республикалық деңгейдегі гидротехникалық нысандардың бәрі Су ресурстары комитетіне қарайтынын әңгіме арасында айттық. Ал коммуналдық меншіктегі нысандар әкімдіктерге қарайды. Көп жағдайда облыстың бюджетін қарастырғанда гидротехникалық нысандарға күрделі жөндеуге қаржы тиісті деңгейде бөлінбейтіні белгілі.
Бөлінсе де, көктем кезінде су тасқынының алдын алдын алуға бағытталған іс-шараларға ғана қаржы қарастырылады. Мұндай профилактикалық жұмыстар кезінде ауылдың айналасынан арық қазып, болмашы жұмыстар атқарылатынын бәріміз білеміз.
Келесі жылы бұл жұмыстарды тағы да қайта қолға алып жатамыз. Осылайша уақытша апаттың алдын алуға бағытталған жұмыстардың қаншалықты тиімді екенін жыл сайын көріп жүрміз.
Сондықтан Су ресурстары комитетінің құзіретін кеңейту маңызды. Әйтпесе, көзіміз ашылмайды. Жылда су басу, жылап-сықтау қайталана береді. Комитеттің құзіреті кеңейген жағдайда жергілікті жердегі гидротехникалық нысандардың бәрін оның құрамына өткізіп берген жөн.
Қаржы қайдан келді?
Комитет жеке алдына құрылым болғанда оның бюджеті пайда болады. Ал қазір Ислам Әбішев бастаған су шаруашылығының қызметкерлері халықаралық даму институттарынан қаржы тартып, 2020 жылға дейін республикалық деңгейдегі су қоймаларын күрделі жөндеуден өткізіп, талапқа сай етуге ұмтылуда.
Жалпы гидротехникалық нысандарға ешқандай компания инвестиця салмайды. Тек мемлекеттің кепілдігімен халықаралық даму институттарының арзан несиелерін тартуға болады. Бұл ретте Су ресурстары комитетінің сырттан қаржы тартып, жұмыс істеп жатқанын бағалауымыз керек.
Бүгінде су ресурстары комитеті тек қана гидротехникалық нысандарға ғана қарап отырған жоқ. Сонымен қатар еліміздегі суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға жауапты болып тұр. Осыдан-ақ, комитеттің жұмысы жыл өткен сайын кеңейіп жатқанын байқауға болады.
Су неге басады?
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі елдімекендердің айналасындағы судан қорғайтын аумақтарды жергілікті билік орындары тұрғын үй құрылысын жүргізуге беріп жіберді.
Егер жергілікті жерлерге қарайтын коммуналдық меншіктегі гидротехникалық, судан қорғау аймақтарын еліміздің су ресурстарын қадағалайтын дербес мекеменің балансында болса, ауыл шетіндегі қар суы өзен болып ағатын жерге ешқандай тұрғын үй салынбас еді.
Жергілікті билік орындары су басуы қаупі бар аймақтардың болашақта қауіптілігін ескермей, бір күндік пайда үшін жер телімдерін беріп жіберетіні жасырын емес.
Соңғы уақыттары жаңадан бой көтерген аудандарда арықты емге таппайсың. Бұдан кейін еріген қар суы үйлерді басып, жұртты әбігерге салуы жылда қайталануда.
Қазір алыс ауылды айтпаған күннің өзінде Алматыға қосылған ауылдарда көше бойының суы ағып кететін арық атымен жоқ. Қыстай жауған қардың суы көшеде көлшік болып, әбден талқандалған жолдың сиқын одан бетер қашырып мөлдіреп, жатып алады.
Көптеген адамдар ауласындағы қарды жинап, көше бойындағы арыққа тастайтын жаман әдет те қалыптасты. Бұдан кейін арықтың ішіндегі қар мұз болып қатып, соңында қызыл су көшені басады.
Айтпақшы
Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахинның айтуынша, Ғани Сәдібеков «Аймақ» серіктестігінің басшысымен ауыз жаласып, «Щучинск-Бурабай» курорттық орнында өзенді тазалауға арналған аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырғанын алға тартты. Ғани Сәдібеков қол қойған жалған актілердің нәтижесінде Энергетика министрлігі 2017 жылы орындалған жұмыстардың үлкен көлемі үшін 3,6 миллиард теңге төлеген. Осы қаржының 1 миллиард теңгеден аса ақша қолма-қол төлемге айналдырғанын және тексеріс кезінде бұл ақшалар тәркіленгенін ақпарат құралдары жарыса жазды.
Осы ретте Энергетика министрлігінің өзеннің арнасын тазартып, Су ресурстары комитеті атқаратын жұмысты мойнына алғанын бізде түсіне алмадық.
Ал Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев болса, еліміздегі гидротехникалық нысандарды күрделі жөндеуден өткізу үшін халықаралық даму институттарынан қаржы тартып жүр. Демек, осы бір жайттан-ақ, алдағы уақытта елімізде су ресурстарын қадағалайтын дербес орган құрып, іске кірісудің уақыты жеткенін бағамдауға болады.
Нұрлан ЖҰМАХАН