Абай облысындағы Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде дала өртінің одан әрі таралуы тоқтатылды. Қазір өрттің жиегі тұрақты, бықсып жатқан ошақтарды сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өрт 20 қыркүйекте Аягөз ауылдық округінде тіркеліп, сол күні сағат 18:30-да Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Қарабұйрат орманшылығы аумағындағы мемлекеттік орман қоры жерлеріне өткен.
22 қыркүйек сағат 04:30-да өрттің таралуы тоқтатылды. Қазіргі уақытта мамандар бықсып жатқан ошақтарды сөндіріп, өрт жиегін бақылауда ұстап отыр.
Сағат 12:00-дегі мәлімет бойынша, өртті сөндіруге орман күзеті, «Семей орманы» МОТР, Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органдардан 284 адам мен 26 техника жұмылдырылған.
Өртті әуеден сөндіру үшін «Қазавиаорманқорғау» РМҚК мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің су төгу құрылғыларымен жабдықталған екі Ми-8 тікұшағы тартылды. Өрт сөндіру жұмыстары басталғалы бері әуеден 22 рет су төгіліп, жалпы 59 тонна су пайдаланылған.
Құтқарушылардың жұмысына таулы жер бедері мен техника жете алмайтын қиын учаскелер кедергі келтіріп отыр. Мамандардың мәліметінше, өрт негізінен мемлекеттік орман қорының ормансыз аумақтарын қамтыған.
Қарабұйрат ауылында жедел штаб құрылды. Оқиға орнында жұмыстарды үйлестіруге ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары М. Елемесов қатысып жатыр.