Тарбағатай ұлттық паркінде орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оған 96 адам, 21 техника және тікұшақ жұмылдырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өрт анықталған сәттен бастап оны сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері кіріскен.
Қазіргі уақытта өртпен күреске орман күзеті, төтенше жағдайлар бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тартылған. Сондай-ақ «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның тікұшағы жұмылдырылған.
Өрт аумағының басым бөлігі мемлекеттік орман қорының ормансыз жерлеріне тиесілі.
Өртті сөндіру жұмыстарына қатты жел, таулы жер бедері және техника жете алмайтын жекелеген учаскелердің қолжетімсіздігі кедергі келтіріп отыр.
Қол жетпейтін аумақтарға тікұшақпен 3 тоннадан тоғыз рет су төгілген. Жалпы 27 тонна су пайдаланылған.
Өртпен күреске қосымша күш ретінде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мен Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жіберілген.
Оқиға орнында өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары М. Елемесов жұмыс істеп жатыр.
Өртті оқшаулау және толық жою жұмыстары жалғасуда.