Тараз қаласында прокуратура жүргізген тексерулер нәтижесінде заңсыз иемденілген 10-нан астам пәтер коммуналдық меншікке қайтарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қала прокуратурасының мәліметінше, анықталған пәтерлердің жалпы нарықтық құны 100 млн теңгеден асады. Прокурордың бастамасымен апелляциялық саты бірінші инстанция сотының шешімін жойып, құны 15 млн теңге болатын екі бөлмелі пәтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы жаңа қаулы шығарған.
Тексеру барысында азаматтың пәтерді қала тұрғынынан қолхат арқылы алғаны, кейін оны заңды түрде сатып алдым деп сотқа жүгінгені белгілі болған. Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырғанымен, апелляция кезінде талапкердің пәтерді сатып алғанын және онда жеті жыл бойы үздіксіз тұрғанын растайтын құжаттарды ұсынбағаны анықталды.
Сонымен қатар прокуратура қала әкімдігіне қараусыз қалған жылжымайтын мүлік нысандарына қатысты шара қабылдау жөнінде қадағалау актісін енгізген. Нәтижесінде сот әкімдіктің талап-арыздарын қанағаттандырып, екі пәтер мен жер телімі бар бір тұрғын үйді иесіз деп танып, коммуналдық меншікке берген. Бұл нысандардың жалпы құны шамамен 30 млн теңгені құрайды. Тағы үш пәтер бойынша сот істері қаралу сатысында.
Бұдан бөлек, тіркеуші орган тағы үш пәтерді иесіз мүлік ретінде есепке алды.
Прокуратура өкілдері 2025 жылдың сәуір айында да коммуналдық меншікке 10 пәтер қайтарылғанын еске салды. Ол тұрғын үйлер әлеуметтік осал топтағы, баспанаға мұқтаж азаматтарға берілген.
Қала прокуратурасы заңсыз алынған тұрғын үйлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.
