Вьетнамнан Екатеринбургке бет алған ондаған жолаушы Тараз әуежайының транзиттік аймағында қалып қойды. Жоспарланған техникалық аялдама бір тәулікке жуық уақытқа созылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Tengrinews редакциясының байланыс нөміріне жолаушылардың бірі хабарласқан. Оның айтуынша, SCAT әуе компаниясының ұшағы Таразға жоспарлы жанармай құю үшін қонған. Алайда көзделген бір сағаттың орнына жолаушылар «таза аймақта» шамамен бір тәулікке жуық, 18 сағаттан астам уақыт өткізуге мәжбүр болған.
Жолаушының сөзінше, рейс бірнеше рет кейінге шегерілген: әуелі бір сағатқа, кейін тағы бірнеше мәрте. Алайда әуе компания өкілдері кідірістің нақты себебін түсіндіре алмаған. Сонымен қатар тасымалдаушының call-орталығы да қолжетімсіз болған.
«Тұтас бір ұшақтағы жолаушылар Тараз әуежайында тұрып қалды. 14 сағаттан астам уақыт бойы бізге тек “біз ештеңе білмейміз” деген жауап қана айтылып келеді. Байланыс жоқ. Компания өкілдері бізді ақпаратсыз, көмексіз әуежай ғимаратында қалдырып кетті», - деді Ресей азаматы.
Әуе компаниясының баспасөз қызметі ұзақ кідіріс болғанын растады және оның техникалық себептерге байланысты екенін хабарлаған.
«2026 жылғы 20 қаңтарда орындалған Фукуок – Тараз – Екатеринбург бағыты бойынша VSV5322/451 чартерлік рейс кешіктірілді. Ұшақты ұшуға дайындау барысында қосымша техникалық қызмет көрсету қажеттілігі анықталды», - деп түсіндірді тасымалдаушы.
Компания өкілдері жолаушылардың жайлылығы үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын атап өтті.
