Редакциядан: Газетіміздің 15 қаңтар 2015 жылғы санында (/№01 (58)/ «Тараздың әкімін ұятқа қалдырған кім?») Тараз қаласындағы ата-ана жетім және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалар үшін ұйымдастырылған Жаңа жылдық шыршаға қатысқан баласына дұрыс жұмыс істемейтін телефонды сыйлағанын айтқан-ды. Жақында осы мәселеге байланысты Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Гүлзия Заурбекова газетімізге жазбаша түрде түсініктеме берді.
Түсініктеме жауап
Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі «Қала мен Дала» сайтында 2016 жылғы 15 қаңтар күні жарияланған ақпаратқа байланысты төмендегіні мәлімдейді.
Қала әкімінің жаңажылдық шыршасына қатысатын аз қамтылған, көпбалалы отбасының балаларына берілетін сыйлықтар жыл сайын Тараз қаласы әкімдігінің білім бөліміне қарасты «Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы алынып беріледі.
2015 жылдың 26 желтоқсанында өткізілген мерекелік іс-шараға қала мектептерінен аталған санаттарға жататын отбасылардың 130 (бір жүз отыз) балаларына қала әкімі атынан сыйлық ретінде ұялы телефон тарту етілді. Балаларға берілген ұялы телефондардың барлығы Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі №303-ІІІ «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 30 бабының 1-тармағына сәйкес баға ұсыныстарын сұрату тәсілі арқылы алынған.
Хабарландыру бойынша өз бағаларын ұсынған мердігерлердің арасынан ең төменгі баға ұсынған Ақтөбе қаласының жеке кәсіпкері Жабасов Нұркен Еркінұлы жеңімпаз ретінде анықтауға байланысты «Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындыларын бекіту туралы шешім» веб-порталда автоматты түрде шығарылған. Алынған тауардың кепілдеме талоны бар, техникалық сипаттамасына сәйкестігі тиісті мамандардың қатысуымен тексерілген кезде телефондардың барлығы жұмыс істеп тұрған.
Телефондардың жұмыс істемейтіндігі жөнінде 2016 жылдың 6-8 қаңтары аралығында 4 оқушының ата-анасы телефонның қосымша функцияларының дұрыс жұмыс істемейтіндігі туралы хабарласты.
Аталған ата-аналардың балаларына берілген ұялы телефондарда қосымша бағдарламалардың жұмыс істемеуіне байланысты «Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының» директоры Т.Грабийчук түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, телефондар тауарды жеткізуші мердігерге пошта арқылы 2016 жылғы 13 қаңтар кері қайтарылды. Мердігермен жасалған келісімшартқа сәйкес ақауы бар телефондар жақын арада қайта алмастырылып беріледі.
Гүлзия ЗАУРБЕКОВА,
Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі басшысы