Жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы кезінде Семейден 300 шақырым шалғайдағы Абыралы өңірінің тұрғындарымен кездесіп, қиын сәтте жерлестерін ұмытпай, қолдау білдіріп, елге жомарттығымен танылған «Ақшың» корпорациясының президенті, «Абыралы-Дегелең» қорының жетекшісі Марат Серікжанұлы ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған 50 отбасыларға, көмек қолын созып, азық-түлікпен және медициналық маскамен қамтамасыз етті.
Тұрғындар өз ауылынан шыққан азаматқа шынайы алғыстарын білдірді. ШҚО мәслихатының депутаты Марат Құрманбай үнемі Абыралы өңірінің халқына қолдау білдіріп келеді.
Жыл сайын оқу маусымы қарсаңында "Мектепке жол" шарасы аясында осы елдің барлық мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттайтын оқушылардың білім алуға қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етіп келеді.
Сонымен қатар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларын ақылы негізде оқытуға қолдау да көрсетіп жүр.
Ауылды көркейтуге де атсалысып, Қайнар ауылына мәдени демалыс саябағын салып берген еді. Кәсіпкердің бастамасымен құрылған «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры осы өңірдегі елді-мекендердің дамуына үн қосып, халықтың әлеуметтік-материалдық жағдайының жақсаруына әрдайым демеу болуда.
Азаматтық міндетім деп, халықтың қасынан табылған Марат Құрманбайдың игілікті істері өңіріміздегі кәсіпкерлерге үлгі болғай. Иә, үлкен байлықпен адамға үлкен қайырым бітпейді, керісінше, үлкен қайырымдылық - жинаған байлығыңды абыройлы етеді.
Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ,
Семей қаласы