Танымал ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі өмірден өтті

Dalanews 15 шіл. 2021 03:12 295

Шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі дүниеден өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жайында бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті.

«Белгілі дінтанушы, шығыстанушы, исламтанушы ғалым, Әбсаттар қажы Дербісәлінің өмірден озуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.

Бұл бүкіл қазақ руханиятына ортақ ауыр қайғы. Әбсаттар Бағысбайұлы бүкіл саналы ғұмырын имандылыққа арнап, асыл дініміздің тура жолын халыққа дұрыс жеткізу ісіне өлшеусіз еңбек сіңірді.

Еліміздің Бас мүфтиі лауазымында жүрген уақытта қажы ағамызбен қызмет барысында жолығысып тұрдық. Қай кезде де өзінің кең мінезімен, терең білімімен, парасатты болмысымен руханият биігінен көрініп, еліміздегі ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан жан еді.

Әбсаттар қажы ағамыздың зиялы болмысы, еліне сіңірген еңбегі, жазған рухани шығармалары, жамағатты иман жолына шақыруда айтқан ақыл сөздері – ешқашан тозбас рухани қазына болып халқының жадында мәңгілік сақталады. Марқұмның жатқан жерi жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын», – деп жазды министр Instagram парақшасында.

Бұған дейін Қазақстанның бас мүфтиі болған Әбсаттар қажы Дербісәлінің ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскені хабарланған еді. 

Айта кетсек, Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі (15 қыркүйек 1947 жылы туған, Түркістан облысы Түлкібас ауданы) – шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеуші, жазушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы, 1-сыныпты кеңесші, дипломатиялық лауазым иесі.

Dalanews.kz редакциясы марқұмның отбасы мен туыстарына, бауырлары мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x